Қазақстан анимациясына – 55 жыл

28 Қазан 2022, 19:22
1710
Бөлісу:
Қазақстан анимациясына – 55 жыл

28 қазанда Халықаралық анимация күні атап өтілді. Биыл қазақстандық анимацияға 55 жыл толды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің (ШБ) ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

1967 жылы қазақ мультипликациясының тарихы қоюшы-режиссері Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты тұңғыш фильмінен бастау алды. Мерейтойлық датаға орай салтанатты шараға отандық анимация ардагерлері шақырылды. Олардың қатарында Тамара Мұқанова, Эрнст Бийсеитов, Гүлмира Садықова, Галина Дусенко, Абай Тоқшабаев, қазақ киносының аңызы Асанәлі Әшімов және қазақ анимациясының дамуына елеулі үлес қосқан басқа да көптеген отандық мәдениет қайраткерлері бар.

Салтанатты шара Әмен Қайдардың мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды. 

Бірінші кезекте, баршаңызды осындай маңызды күнмен, атап айтқанда, қазақ анимациясының 55 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл мерекелік мерейтой біздің ортақ ісімізге қажымай, баға жетпес үлес қосқан, қазақ анимациясының ардагерлері мен ізбасарларына шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Олар ондаған жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанда анимациялық саланың қайта жандануын армандады, - деді «Қазақанимация» ШБ басшысы Жәнібек Оразалы құттықтау сөзінде.

«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жұмысы басталғалы үш ай ішінде анимация саласындағы әлемнің жетекші мамандарынан шеберлік сыныптары өткізілді. Олардың қатарында Ресей Федерациясының, Францияның және басқа да көптеген елдердің жетекші мамандары Константин Бронзит, Михаил Петрищев, Мария Корнилова, Эдвард Курчевский, Алексей Андреев, сондай-ақ жас қазақстандық мамандар Әділбек Баян, Иван Ардашов және Маржан Жүнісбек бар. Оқу бағдарламасы барысында студенттер мен жоба қатысушылары шетелдік және қазақстандық мамандардың дәрістері мен практикалық сабақтарына қатысып, кәсіби тәжірибелерін шындады.

Бүгінгі таңда «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі конкурстық негізде республиканың ірі қалаларынан мәлімделген 167 сценарий ішінен үздік 20-сын таңдап алды. 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 пилоттық жобаны желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарда тұр. Осы бастамалар арқасында анимация саласындағы жас таланттарды жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болды.

«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің ресми ашылуында «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Мұзбалақ» анимациялық мультфильмі көрсетілді. 

Біз мультфильмдерді әдетте теледидардан және ютубтан көреміз. Мысалы, Маша мен аю, Фиксиктер тағы басқалар. Бірақ маған қазақ мультфильмдері өте ұнайды. Бүгін мен «Мұзбалакты» алғаш көрдімүлкен әсер алдым. Басқа да «Батырлар жыры», «Алдар Көсе» сияқты қазақ мультфильмдерін сүйіп тамашалаймын - деп бөлісті Дина Болғынбаева.

Сонымен қатар, шара барысында қазақ анимациясының дамуына қосқан үлесі үшін ардагерлер мен мультипликаторлардың қазіргі буыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.

 «Айта кетейік, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің кезекті бастамасы шетелдік компанияларда тағылымдамадан өту мүмкіндігі. Қараша айының басында отандық анимация саласындағы мамандар біліктілігін арттыру үшін Түркия, Франция, Польша және Испанияның белді шетелдік студияларына барады.

55 жыл ішінде екі жүзге жуық мультфильм түсіріліп, отыздан аса анимациялық студиялар өмірге келді.  2018 жылы анимациялық киностудиялар қауымдастығы құрылып, өз кезегінде бұл қауымдастық рухани-мәдени маңызы бар көптеген іс шаралар атқаруда. Соның ішінде жыл сайын ұйымдастырылатын Халықаралық Amen animation film festival айрықша атап өтуге болады. Алдағы жылы Қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына бір ғасыр яғни 100 жыл толмақ. Соның айғағындай осынау ғасырлық мерейтой қарсаңында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «Әмен ағаның бәйтерегі» атты қысқаметражды мультфильм түсірілу үстінде.

Өзгелердің жаңалығы