Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы адам дамуы индексінің әлемдік рейтингінде 60-орынды иеленіп, Орталық Азиядағы адам дамуы деңгейі өте жоғары жалғыз ел атанды.
Адам дамуы индексін БҰҰ Даму бағдарламасы есептейді. Ол үш негізгі бағытты – өмір сүру ұзақтығы мен сапасын, білімге қолжетімділік және табыс деңгейін ескереді.
Finprom деректері бойынша, бағалау кезінде туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы, оқудың күтілетін және орташа ұзақтығы, сондай-ақ сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс қолданылады.
Орталық Азия елдері қалай бөлінді?
Қазақстан 0,837 көрсеткішімен әлемде 60-орынға тұрақтады. Одан кейінгі орынды 0,764 индексімен Түрікменстан (95-орын) иеленді.
Өзбекстан 107-орынға (0,740) жайғасса, Қырғызстан – 117-орында (0,720), ал Тәжікстан 0,691 көрсеткішімен 128-орында.
Нәтижесінде Қазақстан аймақтағы адам даму деңгейі өте жоғары мемлекеттер санатына енген жалғыз ел болды. Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан деңгейі жоғары елдер санатына жатса, Тәжікстан адам дамуы деңгейі орташа елдер қатарына кіреді.
Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы айырмашылық неде?
Екі көрші елдің көрсеткіштерін салыстыру үшін АДИ-дің негізгі компоненттерін қарастыруға болады.
Қазақстанда туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құраса, Қырғызстанда бұл көрсеткіш – 71,7 жыл. Айырмашылығы – 2,7 жыл. Бұл ретте Қазақстан Орталық Азия елдері арасында осы көрсеткіш бойынша ең жоғары нәтиже көрсетіп отыр.
Білім беру саласындағы алшақтық әлдеқайда аз. Қазақстанда оқудың күтілетін ұзақтығы 14 жылды, Қырғызстанда 12,7 жылды құрайды.
25 және одан жоғары жастағы халықтың орташа оқу ұзақтығы Қазақстанда 12,5 жыл, ал Қырғызстанда 12,1 жыл.
Ең елеулі айырмашылық табыс деңгейінен байқалады. Қазақстандағы 2021 жылғы ППС (сатып алу қабілетінің паритеті) бойынша жан басына шаққандағы ЖҰТ шамамен 31 мың долларды құрайды, ал Қырғызстанда бұл көрсеткіш – 6,1 мың доллар.
Салыстыру үшін айтсақ, осындай көрсеткіш Түрікменстанда 17,7 мың долларды, Өзбекстанда 8,8 мың долларды, ал Тәжікстанда 5,7 мың долларды құрайды.
Индекс теңсіздікті ескере отырып нені көрсетеді?
АДИ орташа мәндерге негізделген және жетістіктердің халық арасында қаншалықты бірдей бөлінгенін көрсетпейді. Сондықтан БҰҰДБ сондай-ақ теңсіздікке түзету енгізілген адам даму индексін есептейді.
Түзетуден кейін Қазақстанның көрсеткіші 0,766, ал Қырғызстаннікі 0,649 құрайды.
БҰҰДБ мәліметтері бойынша, Қазақстан теңсіздіктің салдарынан бастапқы АДИ мәнінің 8,5%-ын, ал Қырғызстан 9,9%-ын жоғалтады.
Елдер арасындағы ең үлкен айырмашылық өмір сүр ұзақтығындағы теңсіздік көрсеткіші бойынша байқалады – Қазақстанда 7,2% болса, Қырғызстанда 10,3%. Білім беру бойынша бұл көрсеткіштер сәйкесінше 3,2% және 3,4%, ал табыс бойынша 14,7% және 15,3% құрайды.
Демек, БҰҰДБ деректері Орталық Азия елдерінің арасындағы айырмашылықтар тек табыс деңгейі бойынша ғана емес, сонымен қатар өмір сүру ұзақтығы мен білім көрсеткіштері бойынша да бар екенін көрсетеді. Қазақстан АДИ жиынтық көрсеткіштері бойынша өңір мемлекеттерінің арасында ең жоғары позицияға ие.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан экономикалық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде ТМД елдері арасында топ жарды.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстан әл-ауқат индексінде 66-орында
Қазақстан туристер үшін ең қауіпсіз елдердің қатарына енді
Қазақстан көшіп баруға қолайлы Орталық Азиядағы ең үздік ел атанды
Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан ең бейбіт ТОП-50 елдің қатарына енді
Қазақстан қазба отынды өндіру бойынша әлемде 13-орынға ие болды