Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев RES 2026 саммитінде экологиялық жауапкершілік мәселесіне елде заңнамалық деңгейде ерекше мән берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың және азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған.
Біз үшін экологиялық қауіпсіздік пен өсіп-өркендеу жай ғана мәселе емес. Ол ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі және ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда экология бағытында бірқатар жүйелі шара жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда:
- экологиялық таза энергия өндірісіне көшу;
- биоалуантүрлілікті қорғау;
- тозған жерлерді қалпына келтіру;
- су ресурстарын басқару жүйелерін жетілдіру;
- су үнемдеу саясатын енгізу;
- қоршаған ортаны қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту.
Тоқаевтың айтуынша, бұл міндеттерді бір елдің өзі жеке шеше алмайды.
Ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды. Сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән береміз, - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы экологиялық саясатты іске асыруда нақты қадамдар мен инвестицияның маңызын атап өтті.
Біз бұл міндеттерді нақты іс-қимыл, жаңа технологияларды енгізу және тұрақты дамуға ұзақмерзімді инвестициялар арқылы жүзеге асырамыз, - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Орталық Азиядағы негізгі экологиялық қауіптерді атады.