Қазақша сөйлеп жүрген Корея елшісі тілді қалай үйренгенін айтты

14 Қараша 2023, 14:40
651
Бөлісу:
Қазақша сөйлеп жүрген Корея елшісі тілді қалай үйренгенін айтты
Фото: автордан

Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ-ик қазақ тілін үйреніп жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін елордада «Nur alem» болашақ энергиясы музейінде K-Maestro корей дәстүрлі өнерінің көрмесі ресми түрде ашылған болатын.

Көрменің ашылуында Корея Республикасының елшісі Чжо Тэ-ик құттықтау сөзін қазақ тілінде айтты.

Елшіден қазақ тілін қайдан және қалай үйреніп жүргенін сұрап көрдік.

Қазақ тілін Қазақстандағы дипломатиялық миссиям басталғаннан бері үйреніп жүрмін. Қазір шамамен 6 ай болды. Қазақ тілін үйрететін оқытушым бар. Оған қоса жүргізушіммен, хатшыммен, елшіліктегі басқа да қазақтілді әріптестеріммен қазақша сөйлесіп, тәжірибе жинақтап жүрмін, - деп айтты ол.

Дипломат шамамен 100-ге жуық қазақша сөз білетінін айтты.

Мысалы «ас дәмді болсын», «сау болыңыз», «жақсы», «қалыңыз қалай», «мен қазақша сөйлегенді жақсы көремін». Тезірек үйрену үшін көбірек сөйлесу керек. Корей тілі мен қазақ тілінің құрылымы ұқсас, - дейді Чжо Тэ-ик.

2023 жылғы 30 мамырда Президент Ақордада Корея Республикасының елшісі Чжо Тэ-икке сенім грамотасын тапсырған болатын. 

Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту ісінде табыс тілеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы