"Қазақфильмнің" жағдайы мүшкіл – Аида Балаева

13 Қараша 2024, 14:54
785
Бөлісу:
"Қазақфильмнің" жағдайы мүшкіл – Аида Балаева
Фото: - архив

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжілісте "Қазақфильм" киностудиясының жағдайы ауыр екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Қазақфильмге" жабылу қаупі төніп тұрған жоқ па? - деп сұрады журналистер Аида Балаевадан.

Әлбетте, жоқ. Министр ретінде оны ресми мәлімдеймін. Себебі бұл (ред. – Қазақфильм) – біздің тарихымыз. Кино мен кинематографияның дамуы "Қазақфильмнің" тарихымен тікелей байланысты. Біздің парызымыз – бұл мекемені сақтау және оны дамыту. Осыған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің бүгінде "Қазақфильмді" тікелей қаржыландыруға құқықтық негізі жоқ екенін бірнеше рет айтқан едім. "Қазақфильмнің" кино түсіретін басқа да көптеген продюсерлік компания сияқты құқығы бар. Сондықтан да біздің тарапымыздан нақты шаралар әзірленіп жатыр. Біріншіден, заңнамалық деңгейде осы мәселені реттеу, - деді министр Мәжіліс кулуарында.

Аида Балаева заңға "Қазақфильмде" тікелей қаржыландыру құқығы болатындай норманы енгізу қарастырылып отырғанан айтты. Сөзінше, мұны мемлекеттік тапсырмалар мен жекелеген тетіктер арқылы жүзеге асыруға болады.

Бұдан бөлек ведомство басшысы "Қазақфильмге" қатысты менеджерлік көзқарас та қайта қаралып жатқанын жеткізді.

Бүгінде "Қазақфильмнің" инфрақұрылымы мүшкіл халде екенін айтқым келеді. Себебі қаржыландыру болмаған кезде қандай да бір даму туралы айта алмаймыз. "Қазақфильмнің" құрал-жабдықтары мен жекелеген ғимараттарын жалға беруден түскен қаражат қызметкерлерге жалақы төлеуге бағытталады, - деді министр Мәжілістің кулуарында.

Өзгелердің жаңалығы