Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақ тілінің келешегі туралы ойын айтты.
Сөз басында министр Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ғылыми жиынында Алаш зиялыларының еңбектеріне тоқталып кетті.
Оксфорд университетінің Орталық Азияны зерттеу институты Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және т.б ұлт зиялыларына мәдени төңкеріс жасаған тұлғалар деген баға берген. Шын мәнінде, өткен ғасырдың басында тілімізді, дінімізді, әдебиетімізді жандандырып, төңкеріс жасап кеткен тұлғалар еді. Қазіргі таңда 100 жыл өтіп отыр. Еңбектері қазірге дейін маңызға ие, - деді Саясат Нұрбек.
Ол Азербайжан және Қырғызстанның білім министрлерімен бірге Назарбаев университетіндегі жасанды интеллект институтының еңбектерімен танысқанын айтты.
Институт зерттеушілері қазақ тілінің лингвистикалық корпусын жасап шығарған. Ол тілдің цифрлық кеңістіктегі болмысының тірі қалуы деген сөз. Өкінішке қарай, тілдердің жағдайы қазір қиын. Көпке мәлім, жыл сайын бірнеше тіл жойылуда. Біздің қазақ тілінің тағдыры не болатыны көпті алаңдатады. Мен лингвистикалық корпусты өз көзіммен көріп, ана тіліміздің болашағы цифрлық форматта өз орнын табатынын аңғардым, - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.