Әзербайжанның БАҚ және хабар тарату кеңесі Түркияның әлеуметтік желілерінде президент Ильхам Әлиевтің атынан шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелер таралып жатқанын ескертті. Кеңес ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды. Бұл туралы Аpa.az басылымы жазды.
Кеңестің хабарлауынша, мемлекет басшысы айтпаған сөздерді оған теліп, оны ресми ұстанымы ретінде көрсету – қоғамды жаңылыстыруға бағытталған өрескел дезинформация.
Ведомство Президенттің сөйлеген сөздері, мәлімдемелері мен қызметіне қатысты ақпараттың негізгі әрі ресми дереккөзі оның ресми сайты мен әлеуметтік желідегі аккаунттары екенін еске салды.
Мемлекет басшысының атынан басқа ресурстарда жарияланған сөздер мен пікірлерді ресми дереккөздер арқылы растамай таратуға болмайды, – делінген кеңес мәлімдемесінде.
Осыған байланысты Әзербайжанның БАҚ және хабар тарату кеңесі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын ақпараттың шынайылығын тексеруге жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Сондай-ақ ақпаратты жарияламас немесе бөліспес бұрын ресми дереккөздермен салыстырып, жалған мәліметтердің таралуына жол бермеу қажеттігін атап өтті.