Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мемлекеттік тіл жайлы айтқан ойлары талқыланды.
Жиында еліміздегі тіл ғалымдары өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, астанада өткен талқылауға Алматыдағы Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының мамандары онлайн режимде қосылды.
Елордада өткен талқылауға Алматыдан онлайн қосылған Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова қазіргі қазақ тіліне бірқатар реформа керек екенін алға тартты.
Ең алдымен, филологиялық білім беру жүйесіне реформа керек. Қазақстандағы филология факультеттерін бітірген студенттер мен магистранттарды күнде көзіміз көреді. Олардың алғаны – классикалық филологиялық білім. Одан ары кетпейді. Ал қазіргі кезде коммуникация құбылып, өзгеріп тұрады. Коммуниканттардың талаптары да құбылмалы. Соған қарай филология мамандығын бітірген маман тілді дұрыс әрі сапалы қолдана алуы керек. Студенттер әлі күнге Кеңес үкіметінен қалған жүйемен білім алып келеді, - деді маман.
Сонымен қатар, ол қазақ тілін реформалау мәселесі кезекті науқанға айналып кетпеуі керегін де айтты.
Мысалы, қазір синтаксистен классикалық білімдерді береміз біз. Сөйлемнің құрылысы, сөйлем мүшелері мектепте де, ЖОО-ларда да оқытылады. Ал енді қазіргі коммуницияның алуан түрлі саласында "синтаксис қандай болу керек?" деген мәселеге бас қатырмаймыз. Мәселен, Ресейдегі Ломоносов атындағы университетте студенттер филологияны 42 мамандандырылған бағдар бойынша бітіріп шығады екен. Біздің филологияда классикалық филолог шығады. Ол адам сол баяғы қырқыншы жылдардан қалған бағдарламамен мектепте сабақ береді. Одан қалды аудармамен, ғылыми жұмыспен айналысады, - деді ол.