Мемлекет басшысы СІМ орынбасарын тағайындады

25 Желтоқсан 2019, 12:10
6048
Бөлісу:
Мемлекет басшысы СІМ орынбасарын тағайындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР сыртқы істер министрінің орынбасарын тағайындау туралы құжатқа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының Өкімімен Марғұлан Бақытұлы Баймұхан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды, - делінген ресми хабарламада.
   

Сондай-ақ, мемлекет басшысының Жарлығымен Марғұлан Бақытұлы Баймұхан Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

Марғұлан Бақытұлы Баймұхан 1974 жылғы 6 қыркүйекте Алматы облысында туған. 

Польшадағы Краков Экономикалық Университеті, Ұлыбританияның Хертфордшир Университеті, сондай-ақ Канаданың Ванкувер Университетін бітірген. 

Өз еңбек жолын "Daewoo Electronics" компаниясындағы маркетинг және коммерция мәселелері жөніндегі менеджер ретінде бастаған. 1997 жылы Польшада "River System Ltd." компаниясының экспорт бөлімінің маманы, кеңесшісі, аймақтық директоры (Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдері) ретінде жұмыс істеді.

Дипломатиялық мансабын 1999 жылдан бастап, Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің атташесі, үшінші хатшысы болып жұмыс істеді. Әрі қарай Қазақстанның Польшадағы елшілігінде атташе-консул, үшінші және екінші хатшы қызметтерін атқарды.

2005 жылдан 2007 жылға дейін СІМ-де ТМД істері департаментінің халықаралық ұйымдар бөлімінің, Әскери-саяси ынтымақтастық бөлімінің кеңесшісі, басшысы болды. 

2007 жылдан 2013 жылға дейін Польшадағы Қазақстан елшілігіне кеңесші және кеңесші-уәкіл ретінде қайта жіберілді.

2013 жылдан бастап 2015 жылға дейін ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және болжау комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалғанға дейін Қазақстанның Польшадағы елшісі болды.

II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар. Поляк, неміс және ағылшын тілдерін меңгерген.

Ал Әркен Хамитұлы Өтенов мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды.

Өзгелердің жаңалығы