Қазақ-қырғыз шекарасында сауда-логистикалық орталық салынады

28 Сәуір 2022, 20:14
1756
Бөлісу:
Қазақ-қырғыз шекарасында сауда-логистикалық орталық салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ-қырғыз арасындағы сауда экономикалық байланыс беки түспек. Қос елдің бизнесмендері бірлескен кәсіп жүргізудің тиімді тұстарын анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бішкекте өткен экономикалық форумда 15 миллион долларға азық-түлік жеткізу туралы келісім жасалып, бірлескен өндірістік-логистикалық орталық салынатын болды. 

Жаңа нарықтарға шығу үшін күш біріктіру қажет. Бұл мақсатта Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада өндірістік сауда-логистикалық орталық салу көзделіп отыр. 80 гектар ауданда қойма, өндіріс ғимараттары мен жүк тиеу алаңдары орналасады. Ең жақын өндірушілер - Қырғызстандағы Шу облысы мен Қазақстандағы Жамбыл облысының кәсіпорындары мен феремерлік шаруашылықтар. Ал басты тұтынушылары - Алматы, Бішкек пен Тараз қалалары.

Сауда-логистикалық орталықтың басым бағыттары белгіленді. Бұл өндіріс бәселестік артықшылықтары бар тауарларды шығару, ауылшаруашылық өнімдерін сақтау мен өңдеуге арналған орындарды құру, жеңіл өнеркәсіп саласында кооперациялық өндірісті дамыту, халықаралық тауар өндіру жүйе саласында логистикалық нысандар салу, – деді «Қазэкспоконгресс» ҰҚ төрағасының орынбасары Дінмұхамед Әбсаттаров.

Әріптестерімен кездесу үшін Бішкекке Қазақстан экономикасының түрлі салаларында жұмыс істейтін 20 компания өкілі келді. Олар шығаратын тауарлар мен қызмет түрлері қатарында азық-түлік, құрылыс материалдары, медициналық бұйымдар, химиялық өнеркәсіп өнімдері мен сақтандыру консалтингі бар.

Біз де, қырғыз тарапы да жұмысқа белсенді кірісуіміз керек деп ойлаймын. Бір экономикалық одақта ынтымақтасудың үлгісін көрсетуіміз қажет. Сонда ешкім бізге бөгет жасай алмайды, – деді «Дордой» қауымдастығының президенті Асқар Салымбеков.

Форумның бірінші күнінің қорытындысы бойынша, жекеменшік қазақстандық компаниялар Қырғызстанға 15 миллион доллар шамасында өнім жеткізуге келісті. Бұл әзірше алдын ала жоспар, яғни екіжақты сауда көлемін анықтау үшін қажет. «Қазэкспоконгресс» ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша, іс жүзінде бұл көрсеткіш әлі де артады. Соңғы жылы қос ел арасында сауда айналымы 971 миллион доллар болған. Енді оны екі жарым миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Өзгелердің жаңалығы