Қазақ ғылымында серпіліс жоқ – профессор

12 Сәуір 2023, 10:15
1015
Бөлісу:
Қазақ ғылымында серпіліс жоқ – профессор
Фото: Серік Нұрмұратовтың жеке мұрағатынан

Бүгін, 12 сәуір күні Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні аталып өтуде. Сондай-ақ бұл күні атақты ғалым Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Атаулы күнге орай Алматыдағы  BAQ.KZ тілшісі философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратовпен сұхбаттасқан еді. 

– Қазақстанда ғылым саласы қалай дамуда?

– Қазақстан ғылымы пәрменді дамып жатыр деп айта алмаймын. Себебі ғылымның негізгі мақсаты - ғылыми жаңалықтар ашу және оны практикаға енгізу. Осы екі бағытта да үлкен жетістіктер жетпейді. Дегенменде, Қазақстанның зияткерлік кеңістігінде гуманитарлық ғылымдардың дамуына және жоғарғы мектепте олардың дәрістелуіне инновациялық көзқарастар қалыптасуда. Себебі, жаңа заман өзінің ерекшеліктерімен ғылым мен білім салаларына жаңа талаптар қоюда. Әлемдік деңгейдегі ғылымның дамуы жоғарғы біліммен биік деңгейде интеграцияланған. 

– Елімізде ғылымды дамыту үшін қандай шаралар атқарлуда? 

– Қазіргі таңда атқарылып жатқан негізгі шараларға - ғылымға бөлінетін қаржыларды көбейту болып отыр. Енді жыл сайын конкурстар өткізіледі деп ойлап отырмыз. Бірақ, бұрынғы жартас сол жартас. Алып бара жатқан серпіліс байқалмайды. 

– Жас ғалымдар жайлы айта кетсеңіз.

– Жас ғалымдар университетте тестілеу арқылы білім алған, ғылыми мектептер туралы мәліметтері аз жастар. Сондықтан олардың еңбектері көбінесе ғылыми сыни талдаудан гөрі компиляцияға (құрастыруға) көбірек келеді. Жастарға сенейін десем, жалпы деңгей төмендеп кетті. 

– ҚР ҰҒА не өзгерді? Қандай шешімдер қабылданды?

– Ұлттық ғылым академиясы енді тікелей Президент әкімшілігіне бағынады. Демек оның құрамындағылардың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Ал ғылыми институттар Ғылым және жоғары білім министрлігіне бағынады. Сапалы деңгейде ешнәрсе өзгере қоймас деген ойдамын. 

– Болашақата қазақ ғылымы қай бағытта өзгереді, қандай жаңашылыдықтар күтілуде? 

– Этнос ғылымды басқа халықтардан бөліп ала алмайды. Ғылым жалпы адамзаттыкі. Сондықтан қазақ елі өзінің руханиятын зерделегенімен жалпы әлемдік трендтен бөлектеніп кете алмайды. 

– Ғалымдарға үкімет тарапынан қандай қолдау қажет?

– Ғалымдардың ішінде, әсіресе жас ғалымдарды жақсылап қолдау керек. Олар өзінің болашағын ғылыммен байланыстыратындай жағдай жасалу керек. Сонда бәсекелестік пайда болады. Ол өз кезегінде сапа береді.

– Бүгінде ғылымды қажет ететін қандай салалар бар?

– Бүгінде ғылым барлық салаға қажет. Гуманитарлық ғылымды қоя тұрайық, енді техникалық саланы көтерейік деген оймен келісуге болмайды. Өйткені, бір саланы ақсатып алсақ онда оның салдары бірнеше жылдардан кейін анық байқалады. Сондықтан ғылымға қалай қарау керек екенін Жапония, Германия, АҚШ сияқты елдерден үйрену керек. Сонда Нобель сыйлығының иегерлері де шығып қалуы ғажап емес. 

– Гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру керек деген екенсіз. Осы жайлы айта кетсеңіз. 

– Қазақстан Республикасы ғылым мен білім кеңістігінде «Жалпы гуманитарлық ғылымдар бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасаған жөн. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие бола алады. Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау маңызды. Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы