Қазақ боксшылары Токио Олимпиадасына барлық салмақта жолдама алды

11 Наурыз 2020, 16:30
3393
Бөлісу:
Қазақ боксшылары Токио Олимпиадасына барлық салмақта жолдама алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Токио Олимпиадасына толық құрамда баратын болды.

Бүгін Иорданияның Амман қаласында бокстан Азия және Мұхит жағалауы елдері бойынша Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінің соңғы жарыс күні өтіп жатыр. 

Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бокстан ерлер арасында 8 салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынатынын бекіткен болатын. Осыған дейін Қазақстан 7 салмақта жолдама алса, бүгін сегізінші жолдаманы 52 келіде жұдырықтасқан Сәкен Бибосынов еншіледі.

Ол осы жарыстың ширек финалында ұтылып қалғанымен, қосалқы жолдама үшін Филиппиннен келген Карло Пааламмен кездесіп, соңғы жолдамаға жеңіп алды.

Жекпе-жектің үш кезеңінде де төрешілер жеңісті Сәкенге берді. Бірінші және үшінші раундта Бибосынов 4:1 есебімен алға шықса, екінші айналымда 3:2 есебімен басқа түсті.

Сөйтіп, Ғалымбек Кенжебаев жаттықтыратын бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Токио Олимпиадасына толық құрамда баратын болды.

Бұған дейін, тәуелсіз ел ретінде бокс құрамамыз 2016 жылы Рио Олимпиадасына толық құрамда барған. Ол кезде Мырзағали Айтжанов жаттықтыратын команда 10 салмақтың барлығында лицензия жеңіп алған еді.

Ал оның алдында 1996 жылы Атлантаға - 8, 2000 жылы Сиднейге - 7, Афинаға - 8, 2008 жылы Бейжіңге - 10, 2012 жылы Лондон Олимпиадасына - 9  боксшы барған.

Өзгелердің жаңалығы