«Қазақ барда Шәмші әндері мәңгі жасайды»: Асхат Маемиров композитор феноменінің сырын айтты

 Кейіпкердің жеке мұрағатынан 15 Тамыз 2026, 13:42
15 Тамыз 2026, 13:42
109
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндері бірнеше буынды тәрбиелеп, бүгінде ұлтты ұйыстыратын рухани мұраға айналды. Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры, режиссер Асхат Маемиров композитордың туған күніне орай Шәмші шығармашылығының феномені, «Менің Қазақстаным» әнінің тарихи орны және оның мұрасының жас ұрпаққа ықпалы туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«Шәмші әндері – ұлтымыздың құндылығы»

Асхат Маемиров Шәмші Қалдаяқов шығармаларының бірнеше буын бойы халық жадынан өшпей келе жатуының басты себебін оның әндеріндегі ұлттық болмыс пен адамға ортақ асыл сезімдердің үйлесуімен байланыстырады.

«Шәмші Қалдаяқовтың қалдырған музыкалық мұрасы, әндері – ұлтымыздың құндылығы. Шәмші әндерімен қаншама буын тәрбиеленіп, өсіп келе жатыр. Оның әндерінде біздің елдігіміз, бірлігіміз, адам бойындағы асыл қасиеттер, жан дүниесіндегі мейірім, махаббат, тазалық – осының барлығы ерекше өрнектелген. Бұл – жүректен шыққан ән. Сондықтан ол миллиондаған жүрекке жетті. Меніңше, Шәмші өнерінің басты қасиеттерінің бірі – Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса сынды тұлғалардан келе жатқан дәстүрлі ән мектебінің тамырын жалғастыруында. Оның әндерінен халық әндерінің иірімдерін, байырғы әуезі мен үнін сеземіз. Шәмші туындыларының басты құндылығы да – ұлтымыздың жан сарайындағы нәзік әуендерді жеткізе білуінде», – дейді Асхат Маемиров.

Үш буынды бір әнге біріктірген Шәмші

Режиссердің пікірінше, Шәмші әндерінің тағы бір ерекшелігі – оның шығармаларының жас талғамайтынында. Композитор туындылары аға буынға да, орта буын мен жастарға да бірдей жақын.

Маемиров мұны өзі сахналаған «Шәмші» мюзиклі кезінде де байқағанын айтады. Қойылым композитордың өмірі мен шығармашылық жолына негізделіп, оның әндері арқылы өрбиді.

«Аға буын, орта буын, жас буын бас қосатын болса, міндетті түрде Шәмші әндерін бірге шырқайды. Яғни, оның әндері үш буынды да біріктіретін, ұлтты ұйыстыратын үлкен күшке ие. Мен мұны Музыкалық жас көрермен театрында режиссер ретінде сахналаған «Шәмші» мюзиклінен анық көремін. Бұл қойылым Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылық жолын арқау етеді және негізінен оның әндерінен тұрады. Сонда байқағаным – залдағы көрермендер әртістермен бірге ән айтып, қосылып отырады. Қаншама жыл өтсе де, Шәмші әндері қазақ даласын тербетіп келеді. Мемлекеттік мереке болсын, Наурыз мейрамы немесе халықтық басқосу болсын, оның әндері шырқалмай қалған емес. Өйткені Шәмші әндері жүректі тербетеді, ұлттың рухын биіктетеді, өскелең ұрпаққа ерекше серпін береді», – деді ол.

«Менің Қазақстаным» – халық жүрегінен орын алған ән

Асхат Маемиров «Менің Қазақстаным» әнінің Қазақстанның Мемлекеттік әнұранына айналуын халықтың осы шығармаға деген ерекше ықыласының заңды жалғасы деп санайды.

Оның пікірінше, әннің қуаты әуенімен ғана емес, елдің тарихы мен азаттыққа деген ұмтылысын, туған жерге деген махаббатын жеткізе білуінде.

«Мемлекетіміздің басты рәміздерінің бірі – Әнұран. Сондықтан «Менің Қазақстанымның» Әнұран болып қабылдануының өзінде халықтың осы әнге деген ұлы махаббаты жатыр. Халық жүрегінен орын алған туындының Мемлекеттік әнұранға айналуы – заңдылық. Бұл әнде біздің қатпар-қатпар тарихымыз, ел мен жердің тағдыры жатыр. Оны тыңдағанда тәуелсіздік пен азаттықты аңсаған аяулы бабаларымыздың бейнесі көз алдымызға келеді. Көк байрағымыз желбіреп, халықаралық жарыстарда немесе мемлекет басшыларының кездесулерінде Әнұранымыз орындалған сәтте бойыңды ерекше мақтаныш, патриоттық, отансүйгіштік сезімі кернейді. Меніңше, оның басты себебі – осы туындыда композитордың халқына деген шексіз махаббатының жатуында. Ұлы туындылар осындай махаббатпен жазылады. Бұл ән әлі талай ұрпақты тәрбиелеп, талай жасты жеңіс тұғырына шығарады деп сенемін. Ең бастысы, бұл – елдігімізді асқақтататын ұлы туынды», – дейді театр директоры.

«Шәмші ән арнамаған өлке жоқ деуге болады»

Маемиров Шәмші Қалдаяқов шығармашылығында туған жер тақырыбының айрықша орын алатынын атап өтті. Композитордың әндерінде Қазақстанның әр өңірінің табиғаты, өзен-көлі мен кең даласы көрініс тапқан.

«Шәмші Қалдаяқов ән арнамаған ұлан-ғайыр даламызда өлке, аймақ жоқ деуге болады. Тау-тасына, өзен-көліне ән арнаған. Ақжайыққа барсаң – «Ерке Ақжайық», Сыр бойына барсаң – «Сыр сұлуы», Көкшетауға барсаң – «Көлдер Көкше» сені қарсы алып, тербетеді. Шәуілдірге, Шәмші атамыздың туған жеріне барсаң – «Шалқыған Шәуілдір». «Мойынқұм» секілді туындылары тағы бар. Оның жүзден астам әні қазақ даласының табиғатын, болмысын, адамын арқау етеді. Бүгінде мектеп оқушылары мен студент жастар да Шәмші әндерін ерекше шабытпен орындайды. Менің үйдегі немерелерім де Шәмші атасының әндерін айтатын кезеңге жетті. Бұл – оның шығармашылығының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанының белгісі», – деді Асхат Маемиров.

«Жүзден астам әнін жатқа білемін»

Режиссердің өзі де Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығымен етене жақын. «Шәмші» мюзиклін сахналау барысында ол композитордың мұрасын терең зерттеп, көптеген шығармасын қайта зерделеген.

Маемиров үшін Шәмшінің бір ғана әнін бөліп айту қиын. Дегенмен оның өмірінде ерекше орны бар туындылардың бірі – «Ана туралы жыр».

«Менің жаныма жақын әнім тек мынау деп бөліп айту қиын. Шәмшінің барлық әнін жақсы көремін. Жасыратыны жоқ, жүзден астам әнін жатқа білемін. Себебі мюзиклді қою барысында көптеген шығармасын режиссер ретінде де, өнер адамы ретінде де алдымен өз бойыма сіңіруім керек болды. Сондықтан бұл әндерді ерекше құрметпен орындаймын. Мысалы, анам қазір 94 жасқа келіп жатыр. Анамыздың әр туған күнінде міндетті түрде «Ана туралы жырды» орындаймын. Оны айтқан кезде жанарға жас келеді. Өйткені бұл – перзенттің анасына деген ұлы махаббатын жеткізетін ән. Сондықтан жаныма ерекше жақын туындылардың бірі – «Ана туралы жыр». Сондай-ақ «Құшақ жайған қандай адам» әнін жақсы көремін. Оны романс деп есептеуге болады. Бұл әннің сөзін де Шәмші Қалдаяқовтың өзі жазған. Осы туындыдан оның ақындық болмысын да көреміз», – деді ол.

«Қазақ деген ұлт барда Шәмші әндері мәңгі жасайды»

Асхат Маемировтың пікірінше, Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын дәріптеу бір ғана мерейтоймен немесе еске алу шараларымен шектелмеуі керек. Композитордың туындылары театрда, кинода, музыкада және басқа да өнер салаларында жаңаша қырынан таныла береді.

«Шәмші Қалдаяқовтың есімін есте қалдыру үшін елімізде көптеген шара қолға алынған. Оның атындағы музыка мектептері, концерт залы, қалаларда көшелер бар. Шәмші туралы фильмдер мен деректі туындылар түсірілді, мюзикл сахналанды. Қылқалам шеберлері де оның бейнесін шығармаларына арқау етіп жүр. Меніңше, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса береді. Ал өз кезегімде айтарым: қазақ деген ұлт барда Шәмші әндері мәңгі жасайды. Олар – өлмес әндер. Халықпен бірге жасай беретін жасампаз туындылар», – деп түйіндеді Асхат Маемиров.

Шәмші Қалдаяқовтың әндері бүгін де сахнада, отбасылық ортада, мерекелер мен елдік маңызы бар сәттерде шырқалып келеді. Асхат Маемиров айтқандай, оның шығармаларының өміршеңдігі – бірнеше буынды бір әнге біріктіріп, ұлттық жад пен рухани сабақтастықты жалғастыра білуінде.

Наверх