Қазалылық кәсіпкер экосабын шығарып жатыр

7 Сәуір 2023, 16:45
1263
Бөлісу:
Қазалылық кәсіпкер экосабын шығарып жатыр
Фото: Кейіпкердің мұрағатынан

Қазалылық кәсіпкер Руслан Бөлекбаев мемлекеттік қызметті қойып, ойда жүрген арманын іске асыруға кіріскен. Ол экологиялық таза әрі сапалы «Қазалы» кір сабынын шығарып отыр, деп хабарлайды Қызылорда қаласындағы BAQ.KZ тілшісі.

Руслан бұған дейін де бірнеше кәсіп жасап, жеке тіршілігін жұмыспен қатар алып жүрген. Сондай қарбалас күннің бірінде бір салаға ден қою керек екенін түсінеді. Алайда тәуекелге бару да оңай болмаған. Сабын өндіруге шындап кіріскенше білім жинаған. Яғни өндіріске қатысты біраз уақыт арнайы курстарға қатысып, сапалы тауар шығарудың қыр-сырын меңгерген. Бұдан кейін білімін тәжірибе жүзінде іске асырып көреді. Бұл үшін заманауи мүмкіндігі бар техника керек екені түсінікті. Осыны ойға алып, Ресей Федерациясында жасап шығарылған соңғы үлгідегі құрылғыны ауданға алып келді.

Кәсіпкер өзі шығаратын өнімнің адам денсаулығына еш зияны болмауы керек екенін, тіпті қоршаған ортаға да залал келтірмеуді алдымен ойлаған. Аллергиясы бар тұтынушылар үшін де қауіпсіз. «Кір сабынның» бұл түрін пайдалану адамға зиянсыз екеніне көз жеткізу үшін сапаға баға беретін арнайы ұйымдарға тексертіп, дәлелді сертификатын алған. Себебі «Қазалы» сабыны ешқандай химиялық қоспасыз, 7 түрлі табиғи заттың қосындысынан жасалады.

Бірі білсе, екіншісі білмеуі мүмкін, сұры сабын ірі қара малдың сүйегінен жасалды. Кір-сызатты із қалдырмай кетіру үшін міндетті түрде жілік май қосылады. Руслан осы күндері 170, 200, 250, 300 және 350 грамдық сабындарды дайындайды. Бағасы 120 мен 215 теңгенің аралығында. Бір тәулікте 3 мыңнан астам тазалық құралын жасап шығарады. Сабынның бағасы тұрғындар үшін әлдеқайда қолжетімді болғасын, 80 мың тұрғыны бар Қазалы ауданын ғана емес, еліміздің басқа аймақтарынан да тапсырыс көптеп түсіп жатыр. Ал мұндай сұранысты қанағаттандыру үшін бірнеше тонна шикізат, яғни сүйек керек екені айтпаса да түсінікті. Руслан бұл шаруаны да шешкен. Кәсіпкер шикізатты Орал қаласындағы консервіленген ет шығаратын «Кублей» компаниясынан алады. Бұл үшін екеуара келісімшарт жасалған. Өндіріс көлемі бұдан әрі артатын болса, жергілікті шаруашылық иелерімен де келісім жүргізуге ниетті.

Қазіргі таңда өндіріс көлемін арттыруға жұмыс жасап жатырмын. Жарты жылға жуық уақыт ішінде көршілес Арал, Қармақшы аудандарына үздіксіз тауар жіберген болсам, енді жақын өңірлердің сұранысын қанағаттандыруға күш салып жүрмін. Мұнымен шектеліп қалғым келмейді. Тәулігіне 5 мың сабын шығарамыз деген жоспарымыз бар. Ол үшін үздіксіз ізденіс пен білімімді жетілдіруім керек. Жақында кәріз құбырында жиналған кедергіні еш қиындықсыз ағызып жіберетін сұйықтық жасап шығардық. Бұл да сәтті жобалардың бірі боларынан сенім мол. Неге десеңіз, бұрынғыдай емес, қазір кез-келген үйге кәріз жүйесі жүргізілген. Ал мұның машақатынан құтылу үшін тұрғындар тарапынан сұраныс көп түсетіні белгілі. Біз жасап шығарған сұйықтық негізгі принциптерімізге сай қолжетімді әрі сапалы болатынына сендіргім келеді. Амандық болса, көп ұзамай тауарды айналымға қосуға рұқсат беретін лицензия дайын болады, – дейді қазалылық кәсіпкер.

Руслан өзінен бөлек екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі Нұрболат Шынберген жұмыстың физикалық ауырлығын техника істеп отырғандықтан, шаршататын жұмыс жоқ екенін айтады.

Жұмыс күндері 1500-2000 сабын қалыпты түрде жасап шығарамыз. Біздің міндет – қажетті мөлшерде шикізатты өлшеп салу. Қалыптан шыққан тауарды реттестіріп, қорапқа жиыстырамыз. Жалақымыз уақытылы төленіп жүр. Тапсырыс болмаған күндері демаламыз. Сабынды тегін алатынымыз тағы бар, – дейді Нұрболат Ғалымжанұлы.

Айта кету керек, өткен жылы Қазалы ауданында кәсіпкерлер 7,5 миллард теңгенің өнімін өндірген. Іске икем танытқан талапкерлерге 5 миллиард теңгеге жуық жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант қаражаты үлестірілді. Бұл инвистиция жергілікті кәсіпкерлік саласына соны серпіліс сыйлары анық.

Өзгелердің жаңалығы