Қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет

6 Сәуір 2023, 17:14
2107
Бөлісу:
Қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет
PHOTO
Фото: автордан

Жоқ-жітікке көмектесу, мүмкіндігі шектеулі жанға демеу болу, жылағанды жұбату секілді ерекше қасиеттер бойымызда бар. Сол бір асыл қасиетті бойына сіңірген жастарымыз да жетерлік. Солардың бірі ерікті жастардан құралған қайырымдылық шарасымен айналысып жүрген «Q-alan» қайырымдылық алаңының мүшесі Гүлжанат Әлжановамен сұхбаттасқан едік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

- Гүлжанат Сапарқызы, «Q-alan» қайырымдылық алаңы қашан құрылды? Алаңды құру кімнің идеясы еді?

Ерікті жастардан құралған біздің алаң 2020 жылы өз жұмысын бастады. Негізі оған дейін 5 жыл бұрын құрылған «Астана қайырымды жандары» қайырымдылық тобында болдық. Бұл топтың негізінен әр өңірде филиалдары бар. Бастауы сол Алматы қаласы болған. Одан кейін елордада пайда болған соң ерікті жастар жинала бастады. Ол жерде 2 жылдан аса бірге жақсылық жасап, түрлі шараларды атқарған соң бөліну керек деген шешім қабылдадық. Оған себеп, топта адамның көп болуы еді. Біздің топқа қосылғысы келетіндерге арнайы чат ашылып, сол жерде жинала бастады. Одан кейін әрбір жасаған шарамыздан кейін адамдар да қосылды. Алаңды құру жүректері мейірімге толы жандардың идеясы болды деп айтар едім.

Қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет

- Қайырымдылық алаңының құрылғанына 2 жылдан аса уақыт болды. Сол аралықта қандай істерді атқардыңыздар?

«Q-Alan» қайырымдылық тобының еріктілері бүгінгі күнге дейін аз қамтылған, мұқтаж отбасыларды, көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналарға көмек көрсетіп, үнемі азық-түлікпен, киім-кешекпен, дәрі-дәрмектермен, мектепке арналған тауарлармен, көмірмен және т.б. материалдық тұрғыда қамтамасыз етеді. Емделуге мұқтаж науқас балалар үшін қаражат жинау мақсатында түрлі іс-шаралар (турнирлер, жәрмеңкелер, мастер-кластар, поэзия кештерін) өткізеді. Соның ең негізгілерінің бірі футбол және волейбол турнирлары. Турнирдің кезінде қатысатын командалар арнайы жарна төлейді. Сол жарнадан жиналған қаражат көмекке мұқтаж жанға беріледі. Турнир қатысушылары жақсылық жасап қана қоймай, салауатты өмірді насихаттауға да атсалысып жүр деп айтуға болады. Осы ретте ұйымдастырған турнирлерімізге атсалысып, әрбір ойынға қалмай қатысатын командаларға алғыс айтқым келеді. Топ та болмаса да, бір жанға қуаныш сыйлауға мүмкіндік берді. Жақында сондай турнирлеріміздің арқасында Айсұлу есімді бүйрегі жоқ апайға көмек берілді. Қан тобын ауыстыру үшін қаражат қажет болған. 1 уколдың құны 350 000 теңге болды. Жетпеген қаражатты қосып, SAYAHAT miks тобындағы жолдастарымызбен бірге жиналып, уколын алып бердік. Одан бөлек топ мүшелері көктемде тал егуге шығады. Табиғатқа да жақсылық жасауды ұмытпайды.

Қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет

- Биылғы ораза айындағы жоспарларыңыз қандай?

Өткен жылы Қасиетті Рамазан айында Алланың қалауымен, алаңымыздың мүшелерінің күш жігерінің арқасында 14 отбасыны қуанттық. Әр жылы Рамазан айында барынша жақсылық жасалады. Солардың бірі жұмыстан қайтып, ауызашарға үлгере алмай қалған жандарға су мен құрма тарату. Бұл шарамыз челлендж сияқты болып кетті десек қателеспеймін. Бізден кейін өңірдердегі қаншама жастар қолдап, жалғастырды. Және мүмкіндігі шектеулі 50 адамға ауызашар бердік. Биыл да сол дәстүрді бұзбай жалғастырамыз. Егер осындай игі іске себепші боламын дейтін азамттар болса, қатарымызға қосуға дайынбыз.

- Қазіргі уақытта қайырымдылықпен айналысатын өздеріңіз сияқты жастардан құралған ұйымдар баршылық? Олармен байланыста боласыздар ма?

Біз сияқты ерікті жастар баршылық. Олармен бірақ тығыз қарым-қатынастамыз деп айта алмаймын. Тек сырттай атқарып жатқан жұмыстарын көрген кезде қолдау білдіріп, риза болып отырамыз. Дегенмен өзіміз бөлініп шыққан «Астана қайырымды жандар» тобымен жақсы байланыстамыз. Олар біздің достарымыз. Ораза уақытында бір-бірімізді ауызашарға шақырып тұрамыз. Басқа қайырымдылық жасайтын топтарға кейде көмегеіміз қажет болып жатады. Одан бас тартпаймыз. Керісінше қол ұшын созуға дайынбыз.

Қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет

- Сіздердің қайырымдылық алаңдарыңызға қалай қосылуға болады?

Біздің алаңға қосылу оп-оңай. Тек бір қайырымдылық шарасына қатыссаңыз болғаны. Тобымыздың мүшесі болып шыға келесіз. Бірақ саннан сапа маңызды .Біз тобымызда шын ниетімен жақсылық жасап, белгілі бір шараны ұйымдастыруға көмектесіп, белссенді болғанын қалаймыз. Бірақ тобымызда шараға қатыса алмаса да, үнемі қаражат жағынан көмектесіп тұратын азаматтар бар. Оны да ескереміз. Көбінесе қыздар қауымы белсенді. Қазақта мәрт, жомарт жігіттер өте көп. Соларды да осы топтан көргізім келеді.

- Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Дегенменде ең үлкен жасаған қайырымдылық шараларыңыз қандай?

Біздің топ «Астана қайырымды жандары» ерікті жастарымен бірге болған кезде ауқымды игі істерді атқарды. Өйткені адам көп болды. Сол жасаған дүниелерімізді де айтақаным дұрыс деп ойлаймын. Солардың ең негізгісі балалар үйіндегі тәрбиленушілерге «Ертегі әлемі» атауымен мерекелік шарасы мен «100 Ата-апа кешін» өткізу болды. Одан бөлек біздің қайырымды жандар қарттар үйлеріндегі ата-апаларымызға барып көңіл бөліп, әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, көңілдерін аулап қайтады. Балалар үйіндегі жеткіншектерге конкурстар, ойындар өткізіп көмектесеміз. Жаз уақытында саябақтарға алып шығып, тәтті балмұздақтары мен сусындарын алып береміз. Іс-шаралар тізіміне қайырымдылық поэзия кешін де қосқан болатынбыз. Себебі өлең жолдарын оқитын ақындар мен қызығушылық танытатын ерекше жандар көп. Біздің топ тек көмекке мұқтаж жандарға емес, мәдени, спорттық шаралардың дамуына ат салысып жатыр деп айтар едім. Поэзия кешінің аясында Ясмина есімді қыздың еміне қаражат жинап бердік. Бүлдіршінімізге «Спастикалық церебральды сал ауру» деген диагноз қойылған. Толықтай жазылмаса да емдік шарасын қабылдасын деген мақсатта 200 000 теңге қаражат жинадық. Одан бөлек жылда өткізілетін «Мектепке жол акциясына» қатысамыз. Мектепке баратын балақайларға киім-кешектерін, сөмкелерін, керекті кеңсе тауарларын алып береміз. Балалақайлардың сөмке арқалап сабаққа баруын көру біз үшін үлкен қуаныш. Биылғы жылдан бастап жануарларға көмек көрсетуді бастадық. Оларға арнайы көрпе мен жейтін кормдарын апарып жағдайларын көріп қайттық. Осындай ірілі-ұсақты жасап жүрген жақсылықтарымыз бар.

Қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет

- Қаражатты қайдан аласыздар?

Ерікті топ болған соң топтың әр мүшесі жұма сайын садақа ретінде арнайы счетқа қаржы салып тұрады. Ол 200,300,500 теңге болуы мүмкін. Ешқандай шектеу жоқ. Әркім шама шарқына қарай береді. Сол садақадан жиналған қаражатқа іс-шарамызды атқарамыз. Жетпей қалған жағдайда өзіміз қосамыз. Кейде әлеуметтік желілерге жарнама береміз. Сол жерден көрген адамдар ақша аударып жатады.

- Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз көмек сұрайтын жандарды көбірек кездестіруге болады. Балалардың суретін қойып, есепшоттарын жазып қояды. Ал сіздер нақты сол адамға көмек керек екенін қалай анықтайсыздар?

Азық-түлік, қаражат сұрап көмек сұрайтындар өте көп. Дегенмен біз олардың барлығын қамти алмаймыз. Шамамыз келеді дейтін жандарға жауап береміз. Көбінесе Астанада тұратын көмек сұраған жандармен байланысқа шығуға тырысамыз. Өйткені өзіміз тұрып жатқан елді мекенді қамтыған дұрыс. Ал басқа өңірлерді біз сияқты ерікті жастар баршылық. Біз әуелі көмек бермей тұрып, ол адамды зерттейміз. Арнайы уатсаптағы топта талқылаймыз. Сосын топтың бір мүшесі белгіленіп, барып тексеріп қайтады. Ол шынымен де көмекке зәру ма, ішерге асы, жеуге наны жоқ па деген секілді. Әйтпесе неше түрлі алаяқтар бар. Оларға алданып қалмас үшін, өзіміз көз жеткізейік, нағыз мұқтаж жанға көмектесейік деген ұстанымды ұстаймыз.

Қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет

- Ерікті жастардан құралған алаңсыздар? Алдағы уақытта үлкен қор құруға жоспар бар ма?

Жақсылық жасағысысы келетін жастар саны көбейіп жатса неге үлкен қор құрмасқа. Тіпті әр қалада өз филиалдарымыз болып, жақсылық жасап жарысқанға не жетсін. Қазір қолымыз қысқа болғаныдықтан мүмкіндігіміз келетін дүниелермен айналысып жүрміз. Әйтпесе үйі жоқ көмекке мұқтаж жанға үй алып бергіміз келеді. Еміне миллион қажет ететін, жанына шипа іздеген жанға қомақты қаржымен көмектескіміз келеді. Барлығы уақыттың еншісінде. Бірақ көмек беремін, топқа қосыламын дейтін жанның бетін қайтармаймыз. Тағы бір айтатын нәрсе, біз Абай атамыздың «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген ұранды ту еткен жандармыз. Жақсылық жасап жарысып жүрген топтың мүшелеріне алғыс айтамын. Олар болмаса бұл топ болмайтын еді.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы