Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылық Кеңесінің отырысы өтті

6 Қараша 2019, 21:25
2948
Бөлісу:
Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылық Кеңесінің отырысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қалмұханбет Қасымовтың төрағалығымен "Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігінің өзекті мәселелері" бойынша Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылық Кеңесінің отырысы өтті.

Отырыста еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты мемлекеттік органдардың басшылары, Тамақтану академиясының, Қазақстандағы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының Байланыс және серіктес бюросының, Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының, "Қазақ агроөнеркәсіптік кешені экономикасы және ауыл-аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының", Қазақстанның стратегиялық зерттеу институтының, Экономикалық зерттеу институтының, "Астана" халықаралық университетінің  жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкер палатасының және "Қазақстанның фермерлер одағының" өкілдері қатысты.

Қалмұханбет Қасымов халықтың денсаулығына, әлеуметтік қамсыздандыруына және экономикалық дамуына үлкен әсер ететін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасына кешенді пысықтау жұмыстарын жүргізу қажет екеніне ерекше көңіл аударды.

Қазақстандық сарапшылар азық-түлік қауіпсіздігінің жан-жақты аспектілерін талқылады, соның ішінде, азық-түліктің қолжетімділігі, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі де қаралды.

Ауылшаруашылық министрі Сапархан Омаров ішкі нарықты азық-түліктің негізгі өнімдерімен қамтамасыз ету, оның ауқымын арттыру және елде өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын баяндады.

Бизнес қауымдастығының өкілдері мен сарапшылары азық-түлік қауіпсіздігінің және тиісті бағдарламалық құжаттардың шарттарын өзектендіру, азық-түлік импортын реттейтін құралдары жетілдіру секілді мәселелер жайында өз пікірлерімен бөлісті.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тамақтану өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мониторинг пен бақылауды жетілдіру бойынша жүргізілетін жұмыс жөнінде хабарлады.

Сарапшылар тамақтану қауіпсіздігінің сапасын арттыру бойынша шаралардың, халықтың тамақтану сапасын бақылайтын мониторинг жүйесін енгізудің және оңтайлы тамақтану бойынша ұлттық шектеулерді пысықтаудың қажеттілігі туралы атап айтты.

Отырыстың нәтижесі бойынша Қауіпсіздік Кеңесіне арналған азық-түлік қауіпсіздігі саласында мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған ұсыныстар пысықталды.

Өзгелердің жаңалығы