Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қатарда Қазақстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы өтті

Бүгiн, 22:38
151
Бөлісу:
 Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қатар астанасы Доха қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауқымды мәдени іс-шараның өтуі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар Мемлекетіне жасаған мемлекеттік сапары барысында екі ел басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылды.

Қатарда Қазақстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы өтті

Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Мәдениет күндері аясында Премьер-Министрдің орынбасары Қатар Мемлекетінің Мәдениет министрі шейх Әбдірахман бен Хамад бен Джасим Әл Тәнимен екіжақты кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар мәдениет пен өнер саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Қатарда Қазақстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы өтті

Қазақстан Республикасының Мәдениет күндерінің Қатар Мемлекетінде өтуі біз үшін зор мәртебе. Қазақстан мен Қатар халықтарын жақындастыратын ортақ тарихи және рухани құндылықтар бар. Екі ел де бай көшпелі өркениет мұрасын сақтап, дәстүрлі мәдениетті қадірлеуге айрықша мән береді. Осы ортақ құндылықтар алдағы уақытта да халықтарымызды одан әрі жақындастырып, жаңа бірлескен мәдени жобаларды іске асыруға берік негіз болады деп сенемін, – деді Аида Балаева.

Қатар Мемлекетінің Мәдениет министрі шейх Әбдірахман бен Хамад бен Джасим Әл Тәни екі ел қарым-қатынасының даму әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, бірлескен мәдени жобалар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің берік негізіне айналатынына сенім білдірді.

Кездесу барысында креативті сектордағы өзара ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Аида Балаева Қатар Мемлекетінде креативті индустриялардың қарқынды дамып келе жатқанын, Қазақстанда да бұл бағыттың басымдыққа ие екенін атап өтті.

Республикада Креативті индустрияларды дамыту қоры құрылған. Осыған байланысты қазақстандық тарап бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және аталған салада практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар өзара ықпалдастықтың өзге де перспективалы бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, бірлескен кітаптар шығару, екі ел авторларының шығармаларын қазақ және араб тілдеріне аудару, сондай-ақ суретшілерді қолдау тетіктері бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Практикалық қадам ретінде аталған бағыттардың барлығын қамтитын Ведомствоаралық іс-шаралар жоспарына қол қою ұсынылды.

Кездесу соңында делегация басшылары Қазақстан өнер шеберлерінің мерекелік гала-концертін тамашалады.

Концерт бағдарламасында қазақ халқының классикалық музыкалық мұраларынан бастап, халық күйлері мен әндері, симфониялық өңдеудегі заманауи туындылар, сондай-ақ араб әндері орындалды. Сондай-ақ делегация басшылары Мәдениет күндерінің негізгі іс-шаралары өтіп жатқан Доха қаласындағы «Дарб Аль-Саги» мәдени-тарихи орталығына барды. Мұнда тақырыптық концерттер, сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, ұлттық нақышты заманауи үлгіде танытатын дизайнерлердің туындылары ұсынылған.

Қатарда Қазақстанның мәдениет күндерінің салтанатты ашылуы өтті

Бағдарламада Қазақстан Ұлттық музейі дайындаған экспозицияға ерекше орын берілді. Сонымен қатар ұлттық дәстүрлер мен спорт түрлерін кеңінен насихаттауға айрықша мән беріліп, оның ішінде дәстүрлі садақ ату өнері, саятшылық, сондай-ақ тазы итпен аң аулау түрлері таныстырылды.

Айта кетейік, Қазақстанның мәдениет күндерінің төрт күндік бағдарламасы Қазақстан – Қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және елдің ұлттық мәдениетін халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған. Сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстанда Қатар Мемлекетінің мәдениет күндері өтеді.

Өзгелердің жаңалығы