Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Цифрлық үкімет кеңсесіне барды

26 Тамыз 2023, 16:15
713
Бөлісу:
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Цифрлық үкімет кеңсесіне барды
Фото: Ақорда

Екі ел басшыларына отандық IT шешімдер таныстырылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мемлекеттік органдардың азаматтармен тиімді қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін IT платформалар жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Атап айтқанда, сәбидің дүниеге келгенін тіркеу құжатына, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен көлікті рәсімдеуге проактивті өтінім берудің үлгілері көрсетілді.

Азаматтардың өтінім беруіне арналған е-Otinish платформасы және жер қойнауын пайдаланушы субъектілердің қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтауға мүмкіндік беретін ғарыштан мониторинг жүргізу жүйесі таныстырылды.

Сонымен қатар, «Отбасының цифрлық картасы» жобасының жүзеге асырылу барысы баяндалды. Бұл жоба – құрамына әлеуметтік әл-ауқаттың 100 көрсеткіші және орталық мемлекеттік органдардың 20 деректер қоры кіретін бірегей дерекқор. Дерекқор барлық отбасын әл-ауқаттың бес деңгейі бойынша жіктеуге және оларға проактивті форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша «Өзара түсіністік туралы» меморандумға қол қойылды. Бұл құжат аясында Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Тәжікстанның Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігімен электрондық үкімет платформасын жүзеге асыруда тәжірибе алмасады.

Сондай-ақ, ынтымақтастық аясында тәжік мамандарын Қазақстанның алдыңғы қатарлы IT мектептері мен ғылыми-зерттеу институттарында оқыту мүмкіндігі қарастырылады. Эмомали Рахмон Тәжікстанда цифрлық технологияларды дамыту ісіне қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы