Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру»
Мемлекет басшысының айтуынша, патриот болу дегеніміз – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын іс жүзінде қолдау, ел игілігіне үлес қосу, туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік алу.
– Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз сақадай-сай болуы қажет. Әрбір мүмкіндікті мемлекеттің іргесін бекемдеп, қуатын арттыруға пайдалану керек. Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру. Қазіргі уақытта әскерилер жан-жақты дамыған, қоғам өмірінің барлық саласына үлес қоса алатын үлгілі тұлға екенін көрсетуге тиіс. Бүгін арнайы келген Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжді осындай табысты жұмыстың жарқын мысалы ретінде атауға болады. Биыл оқу орнының құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде колледж сержанттық құрамға 4,5 мыңнан аса жоғары білікті маман даярлады. Бұл бірегей тәжірибе халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін жеткізді
– Алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр. Мемлекетіміздің басты құндылықтарын жете түсініп, жүрекпен қабылдайтын жастар тәрбиелеуіміз керек. Бұл құндылықтар – Тәуелсіздік пен Егемендік, елдің аумақтық тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары, Қазақстанды Әділ, Құқықтық және Озық мемлекетке айналдыру. Әскер қатарындағы қызмет шынайы патриоттарды тәрбиелейтін маңызды, тіпті, басты мектепке айналғаны жөн. Дәл осы себепті әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сай жаңғырту жөніндегі бастамаға қолдау білдірдім. Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Мұндай есте қаларлық рәсімдер аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Сонымен қатар жастар арасында және жалпы қоғамда әскердің беделін айтарлықтай көтереді. Сарбаз болу – зор мәртебе. Қарулы күштер сапында борышын өтеген әр азамат көпшілік құрметіне бөленуі керек. Баршамыз бірге күш жұмылдырсақ, ата-аналар әскери саланы таңдаған ұл-қыздарын мақтан тұтатындай жағдайға жететінімізге сенімдімін. Басқаша айтқанда, Отан алдындағы жауапкершілік барлық салада жоғары деңгейде адал еңбек етуден көрінеді. Әскери қызмет те осы санатта. Мемлекеттік рәміздерге құрмет және азаматтық жауапкершілік жастар дүниетанымының өзегіне айналуға тиіс. Соғыс өрті тұтанып, әскери қақтығыстар ушыққан, мемлекеттер санкциядан көз ашпаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ахуалды алдын ала болжау барған сайын қиындап барады. Осындай кезде ел келешегіне енжар қараудың салдары кейін өзімізге ауыр тиюі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға маңызды үндеу
жасады.