Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қаржыдан қағылмаудың жолы: қаржылық сауатсыздық салдары қандай?

4 Сәуір 2025, 11:08
1172
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Қазақстандықтардың басым көпшілігі жеке бюджетін дұрыс жоспарламайды, ақша жинамайды. Бұл жағдай, бір жағынан, тұрақты табыстың жоқтығынан немесе төмен жалақыдан болса, екінші жағынан, халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігін көрсетеді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі қаржы жинау, бюджетті жоспарлау, балалардың қаржылық білімін арттыру, өңірлердегі қаржылық сауаттылық жөнінде тоқталып өтпек.

Қаржылық сауаттылық дегеніміз не?

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – өз табысың мен шығыныңды тиімді басқара білу, қаржы тәртібін ұстану. Түскен ақша мен жұмсалған ақшаның есебін жүргізіп отыру – қаржылай сауатты адамның қалыпты әдеті. Бір айдан кейін-ақ сіз ақшаны қалай жұмсап отырғаныңызды және қандай қателіктер жасап отырғаныңызды көретін боласыз.
Барлық шығындарды бағыт бойынша жіктеу арқылы тіркей бастаңыз. 

Мәселен, сізге күнделікті қажет болатын азық-түлік пен тауарларды сатып алу, несиелер, коммуналдық қызметтер, ұялы байланыс, ойын-сауықтар: кино, бар, әріптестердің туған күндері, ірі мөлшерде сауда жасау, автокөлікке қатысты, сонымен бірге сақтандыру мен жанармайға қатысты шығындарды жазып отырыңыз. Осылайша, 1-2 айдан кейін сіз өзіңізге ыңғайлы жіктеу жүйесін қалыптастырып аласыз. Есепке барлық шығындарды, тіпті елеусіз болып көрінетін шығынды да қосыңыз.

Экономист әрі Мәжіліс депутаты Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, қаржылық сауаттылық өз-өзіне есеп беруден басталады.

Адам табысы қандай болса да, соны ұқсата алуы керек. Жиі еститін сөз — “ақша қайда кеткенін білмей қаламын”. Бұл — есепсіздіктің белгісі. Тым құрығанда, ай сайынғы табыстың 10 пайызын жинап отыру қажет. Сонда ғана сіз болашаққа сенімді қарай аласыз,- дейді Дәулет Төлеутайұлы.


Бюджетті қалай дұрыс жоспарлау керек?

Сарапшылар ұсынатын ең танымал тәсіл – 50/30/20 ережесі:

• 50% — өмірлік қажеттіліктер (азық-түлік, коммуналдық қызмет, көлік, жалдамалы баспана).
• 30% — қосымша қажеттіліктер (киім, демалыс, хобби).
• 20% — жинақ және инвестиция (депозит, зейнетақы, пассив табыс).

Басты қағида – өз табысыңды нақты түсініп, шығындарыңды толық жазып отыру. Бірнеше айлық бақылаудан кейін сіздің қаржылық әдеттеріңіз анықталып, артық шығындарды оңай табуға болады.

Қаржыға келгенде жиі жасалатын қателерді жібермеңіз.

Қаржыны басқарудағы ең кең тараған қателіктер:

* Кіріс пен шығысты жазбау – Қанша ақшаңыз бар екенін білмей, басқару мүмкін емес.
* Ақша жинамау – Форс-мажор жағдайларда қаржылық қауіпсіздік болмайды.
* Қаржылық мақсаттарды отбасыда талқыламау – Бірлік болмаса, нәтиже де болмайды.
* Тек бағаға қарап сатып алу – Баға мен сапа арасындағы теңгерімді бағалау маңызды.

Тиімсіз үнем – өз бюджетін пайдалана білмейтін адамның тағы бір белгісі. Қауіпсіз және табысты келешектің кепілі болып табылғандықтан өз ақшасына тұрарлық заттар болады. Оларға өмірді сақтандыру, денсаулықты күту, уақытында медициналық көмекке жүгініп отыру, автокөлік пен техниканы жөндеу, білім алу мен өз-өзін дамытуға ақша жұмсау жатады. Бір сәттік пайдаға алданбаңыз, сатып алып отырған өнімнің немесе көрсетілетін қызметтің әлеуетін бағалап отырыңыз.

 

“Қарызсыз қоғам” жобасы 850 мыңға жуық қазақстандықтың қаржылық сауатын арттырды


“AMANAT” партиясының “Қарызсыз қоғам” жобасы арқылы 850 мыңға жуық қазақстандық азамат қаржылық сауатын арттырды. Жоба түлектерінің 40%-дан астамы қарыз жүктемесі мен несиелер санын азайтты. Сондай-ақ олардың 70 мыңына заңгерлер көмек көрсетті.

“Қарызсыз қоғам” жобасы қарызға, қаржылық тұрақсыздық мәселелеріне тап болған адамдарды қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Осы жобаның тиімділігін Президент те бірнеше рет атап өтті. Өкінішке қарай, көп азамат өзінің қаржылық құқығын білмейді. Жобаға қатысушылар тек оқу барысында ғана өз қарызының артық төлемін біліп жатады. Сондықтан біздің бастамамыз қазақстандықтар үшін нағыз “құтқару шеңберіне” айналды. Жоба жүзеге асырылып келе жатқан екі жыл көлемінде ел аумағындағы 850 мыңға жуық адам қаржылық сауатын арттыру курсынан өтіп, олардың 70 мыңына заңгерлер көмек көрсетті. Қаржылық мониторинг агенттігімен өзара бірлескен жұмысымыз профилактикалық және білім беру қызметін күшейтуге, сондай-ақ жобаға барынша көп азаматты тартуға ықпал етеді, – деді партияның Атқарушы хатшысы.

“Қарызсыз қоғам” жобасы 12 мың алматылықты қаржылық сауаттылыққа оқытты.

12 мың алматылық қаржылық сауаттылық бойынша оқудан өтуге мүмкіндік алды. “Қарызсыз қоғам” жобасы басталғаннан бері мегаполистің 3500 тұрғыны өз қаржысын басқаруды үйренді.

Қазіргі уақытта қала әкімдігімен бірлесе қаламыздың 6 мекен-жайы бойынша оқыту өткізіліп жатыр. Алматы қаласына 6 қаржы сарапшысы бекітілген. Олар түске дейін жалпы бағдарлама, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке кеңестер береді. Жоба қаланың 8 ауданын қамтиды. Оқыту 5 күн. Осы уақыт ішінде қатысушылар отбасылық бюджетті жүргізуді, шығындарын басқаруды, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алуды, тиімді шарттармен несие таңдауды, депозиттердің әртүрлі шарттарымен танысуды, ірі сатып алуларды жоспарлауды үйренеді, - Amanat партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлепов.

Сондай-ақ оқыту шеңберінде қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізеді және қатысушылардың қалауы бойынша өз бизнесін ашу үшін мемлекеттік гранттық және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Жоба аясында қатысушылар білікті заң көмегін алып, шоттарына тыйым салынған, қарыздары коллекторлық компанияға сатылған жағдайда немесе несиелік қарызды қайта құрылымдау бойынша көмектер ала алады. Бұл оқудан офлайн форматта бір топта 100 адамға дейін өтуде.

 “Қарызсыз қоғам” жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Бәрін осы жобаға қатысып, өзінің қаржылай сауаттылығын арттыруға шақырамын, - деді Қ.Төлепов.

Оқыту азаматтарға қаржылық мәселелерді жақсырақ басқаруға және ақшаларын басқаруда негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қоғамдағы жалпы экономикалық тұрақтылықты жақсартуға ықпал етеді.

Тегін курстар мен оқудан өтуге ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша Amanat партиясының аудандық филиалына немесе аудан әкімдіктеріне жүгіне алады. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz онлайн-платформасы да іске қосылды, ол арқылы сіз оқу курстарына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.

Қаржылық білімді бала кезден бастау қажет

Балаларға қаржы тәртібін үйрету – олардың болашақтағы табысты өмірінің кепілі. Сарапшылар 6 жастан бастап балада өз “қалта ақшасы” болуы керек екенін айтады. Апта сайын белгілі бір мөлшерде берілген ақша баланы жоспарлауға, үнемдеуге және мақсат қоюға үйретеді. Қаржысын қалай басқаруды білетін балалар өздеріне сенімділігі артады. Бұл – олардың болашақтағы қаржылық еркіндігінің кепілі.

Балаға қаржылық сауат негіздерін санаға ерте сіңірген дұрыс. Өйткені өскенде шешім қабылдағанда, қысқа және ұзақ мерзімді жоспарлар жасағанда, математикалық есептер шығарғанда, тәуекелерді бағалап, анализ жасағанда аса қажет болады.

Қаржылық тәрбиенің қарапайым әдістері:

• Тілектер тізімін жасау және басымдықтарды белгілеу;
• Қалта ақшаның 10%-ын жинауға бағыттау;
• Қаржылық мобильді қосымшаларды қолдануға үйрету;
• Отбасылық бюджетті басқаруға бірлесіп қатыстыру.

Тілектер тізімін бірге жасаңыз

Ересектер сияқты балалар бәрін бірден қалайды, бірақ бұл мүмкін емес. Балаңызбен бірге басым мақсаттарды белгілеп, оларды есіне салып отырыңыз. Бұл міндетті тілектер тізімі шешеді. Бала армандағанының бәрін қағазға түсірсін. Ересек адам оған ең қалаған нәрсесінен бастап кейін қалдыруға болатын нәрсесіне дейін жазып шығуға көмектеседі. Тізімді көрінетін жерге, мысалы, жұмыс үстелінің үстіне іліп қоюға болады.

Смартфонды тиімді пайдаланыңыз

Смартфонды меңгерген балалар кіріс пен шығысты жазып отыру үшін қосымшаларды қолдана алады. Бұл теорияға немесе қағаздағы кесте түріндегі тәжірибеге қарағанда қызықтырақ. Бала отбасы сатып алатын барлық затты санаттарға бөлсін. Бұл оған ақшаның қандай қажеттіліктерге жұмсалатынын, мұның қандай сома екенін түсінуге көмектеседі, ол ересектердің басым мақсаттарын ұғынады.

Отбасының қаржысын бірлесіп басқару көбінесе 18-29 жастағы азаматтарға тән (25,9%).

Қаржылық қауіпсіздік және жинақтау

Жинақ қорын құру үшін:
• Ай сайынғы табыстың кемінде 10%-ын жинау
• Күтпеген жағдайларға арналған “Қаражат қоры болуы керек (3-6 айлық шығынды жабатындай сома)
• Депозиттер мен инвестициялық құралдарды пайдалану

Қаржылық тәуелсіздік және инвестиция
• Пассивті табыс көздерін құру (жылжымайтын мүлікті жалға беру, акциялар мен облигациялардан табыс табу).
• Инвестициялауды үйрену (қаражатты қайда және қалай салу керектігін зерттеу).
• Тәуекелдерді басқару (инвестицияларды әртараптандыру, яғни ақшаны тек бір салаға емес, бірнеше бағытқа бөлу).

 

Өзгелердің жаңалығы