Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 180-нен астам жалған қаржы компаниялары мен фирмалардың жұмысы тоқтады. 130 адам қылмыстық жауапқа тартылды, оның 50-і сотталды, қалғандарына қатысты сот алды тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты.
Департамент бастығының айтуынша, алаяқтар микроқаржы ұйымдары, букмейкерлік кеңсе, тұтынушы кооперативтері және жабық инвестициялық қорлардың атын жамылады. Қаржы пирамидалары әсіресе әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істеп, онлайн табыс немесе жоғары табысты қызметтерді ұсынады. Одан бөлек танымал мессенджерлерде чаттар ашып, қатысушыларды түрлі ойындар мен сауалнамалар арқылы қызықтырып, маркетингтік қадамдарға барады.
Осыған сәйкес ІІМ-не өзге органдармен бірге қаржы пирамидаларының жолын кесу шарасы жүріп жатыр. Алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл қылмыс жыл сайын азайып келеді. Бұл бағытта біз Қаржылық мониторинг агенттігімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Соның нәтижесінде алаяқтық сайттар бұғатталып, ұйымдастырушыларын анықтау жөнінде жұмыстар жүргізілді. Одан бөлек 180-нен астам жалған қаржы компаниялары мен фирмалардың жұмысы тоқтады. 130 адам қылмыстық жауапқа тартылды, оның 50-і сотталды, қалғандарына қатысты сотты тергеу жүріп жатыр,-деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар ол тергеу барысында 3 млрд теңге көлемінде ақшалай құралдар мен жылжымайтын және жылжитын мүлікке арест қойылғанын айтты. Бұл баспана, жер учаскелері, көлік құралдары мен кешендер.