Қарулы күштерде тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы тексерілуде

16 Наурыз 2023, 13:43
1033
Бөлісу:
Қарулы күштерде тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы тексерілуде

Шымкент, Тараз, Гвардейск, Қонаев, Жетіген, Сарыөзек және Алматы гарнизондарының әскери бөлімдерін әділет полковнигі Тілеухан Басхожаевтың басшылығымен тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің офицерлері тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жергілікті жерлерде «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасының және тәрбие жұмысын ұйымдастыру жөніндегі басшылық құжаттардың орындалу барысы тексерілді. Барлық санаттағы әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына ерекше назар аударылып, әскери қызметшілерді әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету және тамақтандыруды ұйымдастыру сапасы мәселелері зерделенді. 

Тексеру барысында әскери бөлімдер командирлері мен олардың орынбасарларының әскери тәртіптің жай-күйі, әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы проблемалық мәселелер, тұрғын үймен қамтамасыз ету және «Отбасымен бейнеқоңырау» бейнесервисі жұмысының қалай ұйымдастырылып жатқаны жайлы баяндамалары тыңдалды. 

Қарулы күштерде тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы тексерілуде

Әскери тәртіп пен әскерлердегі құқықтық тәртіптің жай-күйіне арналған наурыздағы кеңейтілген кеңесте Қорғаныс министрінің тапсырмаларына ерекше ден қойылды. Әскери бөлім басшылығының құқық қорғау органдарымен өзара тығыз іс-әрекеті пәрменді алдын алу шарасы болып табылатыны атап өтілді. Әскери полиция органдарымен ынтымақтастық орнатылған жерде құқықтық, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, құқық бұзушылықтардың төмендеуі байқалатыны тәжірибеден көрініп жүр. Тұлғааралық қақтығыстар мен даулы жағдайларға уақытылы жауап беру моральдық-психологиялық климатты жақсартуға ықпал етеді. 

Департамент бастығы кез келген мемлекеттегі Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығының негізгі элементі әскери қызметші екенін, сондықтан оның отбасы мүшелерінің қызмет ету жағдайлары мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыс басты назарда деп атап өтті. 

Мерзімді қызметтегі сарбаздарға әскери, азаматтық жоғары оқу орындарына түсу шарттары және әскери қызметке келісімшарт жасасу тәртібі түсіндірілді. 

Сондай-ақ әскери бөлімдер мен бөлімшелерге бару барысында сайлау учаскелерінің сайлауға дайындығы да тексерілді. 

Әскери бөлімдер мен мекемелерге жеке құраммен және сарбаздар аналары комитетінің өкілдерімен жұмысты ұйымдастыру мәселелері төңірегінде әдістемелік және практикалық көмек көрсетілді.

Өзгелердің жаңалығы