"Қару асынған қаскөйлер аң-құстарды қырып жатыр". Депутат дабыл қақты

17 Қаңтар 2024, 16:35
1391
Бөлісу:
"Қару асынған қаскөйлер аң-құстарды қырып жатыр". Депутат дабыл қақты
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында Балқаш ауданында аң аулауға уақытша мараторий жариялауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екі апта бойы ел аралап, алыстағы ағайынның талап-тілегін мәжіліске арқалап келдік. Бүгін Алматы облысы Балқаш ауданындағы халықтың мұң-мұқтажын жеткізсем деймін. Іле өзенінің сағасын жайлаған жұрт, өңірдің экологиясы бұзылып, аң-құстардың азайып бара жатқанын айтады. Себебі соңғы уақытта браконьерлер көбейген. Қару асынған қаскөйлер түз тағыларын қынадай қырып жатыр екен. Бірақ құзырлы орган тарапынан қатаң қадағалау жоқ. Оның үстіне жергілікті жұрт аң атуға рұқсат беретін қағаз оңды-солды сатылып жатыр дейді, - деп айтты депутат.

Қасқарауовтың сөзінше, қанша құс пен жабайы аңның ауланғаны туралы есеп-қисап жүргізілмейді. Бұл бәз біреулердің жеке бизнесіне айналғандай. Сенбі-жексенбі күндері ауданға өзге өңірлерден мыңдаған көлік келіп, саят құрады екен. Салдарынан жабайы аң-құстың популяциясы азайып, Іле мен Балқашта балық азайған.

Сондықтан аудан халқы осы өңірде аң аулауға уақытша мараторий жариялауды сұрап отыр. Себебі осындай шектеу шараларын енгізбесек, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылып, жан-жануарлар әлемі жойылып кетуі мүмкін. Сондай-ақ Балқаш ауданы туризмді дамытуға таптырмайтын жер. Алайда, өңірдегі ресми жұмыс істейтін 28 демалыс орталығының тек 12-сі Балқаш ауданында тіркелген. Олар өткен жылы аудан бюджетіне небәрі 56 миллион теңге салық төлепті. Ал қалған 16 нысанның қожайыны шетелдіктер немесе өзге қалада тіркелген компанияларға тиесілі екен, - дейді мәжілісмен.

Оның айтуынша, кезінде жекенің қолына өтіп кеткен шұрайлы жерлер Іле-Балқаш резерватында орналасқан. Осы табиғи қорыққа бұқар бұғысы, елу бас құлан әкелінген екен.

Алдағы жылы Тұран жолбарысын жібермекші. Резерваттың айналасын браконьерлер торып, ортасында жеке демалыс орталықтары орналасса, қызыл кітапқа енген аң-құстарды қалай көбейтеміз? Президент, әр сөзінде туризм саласын дамыту керек деп айтып жүр. Алайда, табиғаты әсем жерлерді жандандырудың орнына, аң-құсын қырып, қоршаған ортаны қиратып жатырмыз, - деп атап өтті Данияр Қасқарауов сауалында.

Депутат еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп екенін айтып, бірақ сол жерлерге барып демалуға халықтың қолы әлі де жете бермейтінін жеткізді.

Сондықтан тез арада инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Сонымен бірге туризмнің болашағы тікелей кәсіпкерлермен байланысты. Осыған орай, әкімдіктер елді көркейтемін деген азаматтарға мейлінше жағдай жасауы керек, - деп ұсыныс айтты мәжілісмен.

Өзгелердің жаңалығы