Қарин: Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет

25 Ақпан 2022, 15:09
1691
Бөлісу:
Қарин: Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет

Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Нұр-Сұлтан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция басталды. 

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында өтіп жатқан конференцияға еліміздегі және шетелдік ахметтанушы ғалымдар, тілтану, тарих, т.б. ғылым салаларындағы белгілі зерттеушілер, лауазымды мемлекеттік қызметкелер, зиялы қауым өкілдері қатысып отыр. 

Бірнеше бөлімнен тұратын конференцияда М. Қойгелдиев, Ш. Құрманбайұлы, Д. Қамзабекұлы, А. Фазылжанова, Ж. Смағұлов, Ө. Әбдиманұлы, А. Ісмақова,  Ж. Жақыпов, Ш. Жалмаханов, А. Салқынбай, О. Жұбаева, Қ. Күдеринова,                    Б. Момынова, Ұ. Еркінбай, Т. Аитова, М. Ермұхамет, Т. Шанбай, С. Аққұлұлы,  Р. Имаханбет, Қ. Сақ, А. Әбсадық, Е.Тілешов пен А. Қыдыршаев және т.б. зерттеуші-ғалымдардың баяндамалары тыңдалады. 

Халқымыз өзінің тарихында ерекше орыны бар екі тұлғаны «Ұлт ұстазы» деп ардақтаған. Алдымен, әрине, ұлы Абайды айтамыз. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының есімі аталады. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Тәуелсіздік ұлтымыздың жадын жаңғыртып, тарихи тамырымыздан қайтадан нәр алуымызға жол ашты. Бұл ретте ұлт ұстазының еңбегін зерделеп, оны мол мұрасын ұрпақ санасына сіңіру баршамызға ортақ міндет. Әрине, әлеуметтік желіде бүгін әлемде болып жатқан, бәріміз байқап жатқан дүрбелең оқиғалар кезінде осындай шара өткізудің қандай маңызы бар деп жатқандар бар. Бірақ қандай оқиғалар орын алса да, біз өзіміздің ұлттық күн тәртібімізден ауытқымауымыз керек, - деді Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин . 

Бұдан бөлек, «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ филологиясының мәселелері» атты секциялық отырыстар өтеді. Ал конференциядан кейін Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филормонияда сағат 18.00-де «Ұлт ұстазы» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылады.

Аружан Алпыспай

 

Өзгелердің жаңалығы