Қаратау ауданының инфрақұрылым мәселелерін шешу жоспары нақтыланды

31 Мамыр 2022, 20:00
3243
Бөлісу:
Қаратау ауданының инфрақұрылым мәселелерін шешу жоспары нақтыланды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қаратау ауданы - Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі. Мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, халық саны тез өсіп жатыр. Сәйкесінше, инфрақұрылым мәселелері де бар. Осы мәселелерді шешу жоспарын Шымкент қаласындағы Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов айтып берді. 

Қаратау ауданының әкімі болып тағайындалғаныңызға 1 айдан асты. Аудан тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдаған шығарсыз. Қаратау ауданындағы қай түйткілдерді басты мәселе деп атайсыз?

– Иә, Қаратау ауданынының 24 елдімекенінде 268 мыңнан астам тұрғын бар. Осы 24 елдімекеннің әрқайсысына 2 рет барып тұрғындармен кездесіп, мәселелерімен танысып шықтым. Енді елдімекендердегі басты мәселе – газ, су сияқты инфрақұрылым мәселесі болып тұр. Тағы бір көп айтылып келе жатқан мәселе – интернет. Одан кейінгі мәселе жол төсеу және жол қауіпсіздігі мәселесі. Биыл жаңбырлы жыл болған соң ирригациял жүйесінің мәселесі де көп айтылып жатыр. Осы жағдайда байланысты әкімдік тиісті хаттамалар түзіп, жауапты басқармалармен бірге жоспар бекітіп, арнайы график құрып, графикке сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Бұрындары әкімдердің халыққа есеп беруі жылына бір рет болатын. Қазір өзгеріс енгізіліп, биылдан бастап тоқсанына бір рет есеп беретін болды. Сол кезде қала әкімімен бірге аудан әкімдері де болады. Кездесу барысында айтылған мәселелер төңірегінде жұмыістеп жатырмыз.

Биыл қай елдімекендерде инфрақұрылым мәселесін шешу бойынша жаңалықтар болады?

– Былтыр Тұран, Достық, Тассай, Асар-2 шағынауданына ауызсу берілді. 2022-2033 жыл аралығында Қайнар-2, Асар-2, Сайрам аумағында осы жұмыстар жүргізіледі. Жалпы ауызсу мәселесі 2023 жылдың соңына дейін толығымен шешіледі деп жоспарлап отырмыз. Ал газ бойынша біздің ауданда 7 елдімекен анықталған. Өткен жылы Достық, Асар-2, Азат шағынауданына көгілдір отын жеткізілді. Ал 2022-2023 жылдары Қайнарбұлақ, Асар-2, Тұран, Тассай елдімекенінде газ құрылысы жүргізіледі. Табиғи газ құрылысының басталуы биыл іске қосылған АГРС-3 жұмысына байланысты болмақ. Енді осы 4 елдімекенде газ мәселесін шешу үшін кемінде 15 млрд теңге қаржы керек.

Ирригация мәселесі жыл соңына дейін шешімін таба ма?

– Қаратау ауданы бойынша шұғыл қолға алынды. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Қазір аудан бойынша 8км жерге ирригация жүргізуге бюджетке енгіздік. Қазір мердігер мекемелерді анықтау үшін конкурс өтіп жатыр. Мердігер мекеме анықталған соң, Қаратау ауданындағы ең қауіпті әрі қажетті деп танылған 8км жерге ирригация жүйесін тартамыз.

Қаратау ауданы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жоспары қандай?

– 5 жылдық жоспарға сәйкес жарықпен қамтылатын 7 елдімекен енген. Былтыр Тассай, Асар, Азат елдімекендеріне жарық қосылды. Биылдан бастап 2023 жылға дейін Қайнарбұлақ, Достық, Асар-2, Тұран шағынаудандарына мемлекеттік жарық жүргізіледі деп жоспарлап отырмыз.

Жоғарыда өзіңіз айтқандай қала әкімінің халықпен кездесулерінде сіз де болдыңыз, тұрғындар тарапынан көп айтылған бір жайт – балалар алаңшасы. Биыл қанша алаңша салынады?

– Иә, бұл бір маңызды мәселе. Биыл 35 балалар алаңшасы салынады. Балалар алаңшасын салу бойынша жеңімпаздар анықталған. Құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыс аяқталып, пайдалануға берілген соң, тұрғындармен бірге сапасын тексеріп қабылдаймыз. Қазіргі таңда демеушілер тарапынан салынып жатқан алаңша жоқ, барлық жұмыс бюджет қаржысына жүргізіліп жатыр.

Тұрғындардан аяқ жолдар мен аялдамаларға байланысты да шағым көп. Қаратау ауданында биыл қанша шақырым аяқ жолы және қанша аялдама салынады?

– Бұл жолаушылар көлігі және автомабил жолдары басқармасының 5 жылдық жоспарына енгізілген. Қазір жол салынған кезде жанына бірден аяқ жолдар да салынып кетіп жатыр. Ал аялдама мәселесі көбінесе шалғай елдімекендерде жиі көтеріліп тұрады. Оларда орталық көшелерінде аялдамалар бар. Қосымша жоспарға сәйкес асфальтталған көшелерде қоғамдық көлік жүретін бағыт болса ол жерлерге де тұрғындар ұсынысына сәйкес қосымша аялдамалар қойылып жатыр.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлырдың бағасын қадағалау жұмысын қаншалықты жиі жүргізіледі?

– Иә, әлеуметтік маңызы бар тауралардың бағасын тұрақтандыру үшін әр жексенбі сайын қалалық қан орталығының қасында азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Сол жерден тұрақты төмен бағада азық-түлік сатып алуға болады. Ал аудан аумағындағы дүкендердегі әлеуметтік азық-түлік бағасын жоғарыда айтып өткен кәсіпкерлік бөлімі тұрақты қадағалап, жүргізіп отырады. Дүкендерге барып, құжатын сұрап, салыстырмалы түрде жұмыс жүргізеді. Егер сатып алған бағадан 15% жоғары болса оны антимонополияға тапсырады. Біздің ауданда мұндай жағдай жиі кездеспейді. Көбіне сатып алған бағамен сәйкес болып тұрады.

 

Өзгелердің жаңалығы