Қарақат Әбден маңызды мәселені шешіп беруге уәде берді

5 Шілде 2023, 17:11
741
Бөлісу:
Қарақат Әбден маңызды мәселені шешіп беруге уәде берді
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Қарақат Әбден депутаттардың өңірлерге сапар барысында Ақмола және Қарағанды облыстарындағы ауылдарға барып, халықтың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Депутаттың айтуынша,жауыр болған жол және интернет мәселесі Қарағанды облысындағы Нұра ауданындағы Жанбөбек ауылын да айналып өткен жоқ.

Шыны керек, ауылға әрең жеттік, ауылға апарар жол жоқ. 455 адам тұратын ауылдан ауданға дейін 295 шақырым, ал облысқа дейін – 535 шақырым. Күре жолдан шалғай жатқан ауылдан жаздыгүні әрең қатынайтын тұрғындар қыста тіпті қамалатыны анық. Жаңа технология, цифровизация, қолжетімді электронды қызмет көрсету – ауыл тұрғындары үшін бұл таңсық ұғымдар, – дейді Қарақат Әбден.

Қарақат Әбден маңызды мәселені шешіп беруге уәде берді

Сонымен қатар депутат аталған ауыл интернеттен де тыс қалғанынын атап өтіп, жол тауқыметінен бөлек, ұялы байланыстың жоқтығы да тұрғындарды сарсаңға салатынына назар аударды.

Әкімнің айтуынша, бұған қаражат бөлінбеген. Көрші жатқан ауыл Талдысайдан интернет желісін тартып, ең болмағанда үйде қолдануға болатындай жағдай жасауға болады. Алдағы уақытта бұл сұрақты тиісті органдармен бірлесіп, шамам жеткенше шешіп беруге уәде бердім, – деді депутат.

Халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан депутат халықты жарық мәселесі де алаңдататып отырғанын айтты.

Ауылға жарық тартып тұрған бағаналар құлайын деп тұр, сымдар да ескірген. Әкімдік пен тиісті жауапты органдар бұл мәселені жіті бақылауға алып, тез арада шешімін табу керек деп санаймын, – деді ол.

Қарақат Әбден маңызды мәселені шешіп беруге уәде берді

Сапар барысында депутат Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Құланөтпес ауылының тұрғындарымен кездесті.

Айта кету керек, осы ауыл тұрғындары таяуда жергілікті азаматтар өздерінің талап-тілектерін айтып, депутатқа хат жолдаған еді. Аудан орталығынан 220 км, облыстан 525 км шалғай жатқан бұл ауылда 355 адам тұрады.

Халықты толғандырған негізгі мәселе – таза ауыз су, сапалы жол, қолжетімді байланыс. Әсіресе су мәселесін басты назарға алдым. Себебі бұған бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. «Life Story Invest» ЖШС мердігерлік ұйымымен, «Казахстанские технологии» ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымымен шарт жасалды. Тендерге қатысуға келгенде білек сыбана кіріскен мердігерлер іске келгенде баяу қимылдап, халықтың ашуына тиіп отыр. Мәселенің анық-қанығын өз көзіммен көру үшін мердігерлермен кездестім. Кездесуге аудан әкімі, жергілікті мәслихат депутаттары да қатысты. Әңгіме барысында екі тараптың айтқаны бір-біріне сәйкес келмеген соң, арнайы қазба жұмыстары болып жатқан жер учаскесіне бардым, – деді депутат.

Қарақат Әбден атап өткендей, мердігер ұйым мерзімнен кешігіп жатқаны айдан анық. Маусым айынан бері 15 шақырым жердің тек 500 метр бөлігі ғана қазылған. Далада тек 1 техника ғана жұмыс істеп тұр. Жаздың бел ортасы болды, бұл қарқынмен қар түскенге дейін үлгермеуі де мүмкін. Дабыл қаққан халықтың да, мәслихат депутатының да шағымы әбден орынды. Депутаттың айтуынша, осындай күрделі мәселелерді аудан әкімдерінен бөлек, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары қадағалауға тиіс. Шалғай ауылдарға облыс әкімдерінің орынбасарлары бара бермейтіні анық. Осы аталған сұрақтарды депутат бақылауына алып, жіті қадағайлайтынын жеткізді.

Ауылдардың жағдайы мәз емес. Тұрғындарды тындасаң, жылағың келеді. Қарапайым халық шыдамды ғой. Қуантатыны - ауылдықтардың партиямызға сенімі зор. Шалғай орналасқан ауылдарға барып, жағдайымен таныстым. Осы уақытқа дейін мәжіліс депутаты тұрмақ, аудан әкімін көрмеген шалғай ауылдар бар, - деп жеткізді Қарақат Әбден.

Өзгелердің жаңалығы