Қарапайым суық тиюге ұқсайды: Дәрігерлер қауіпті инфекцияның таралып жатқанын айтты

Инфекциясы бастапқыда суық тиюге ұқсап, кейін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

 istockphoto.com 5 Қараша 2026, 11:46
5 Қараша 2026, 11:46
181
Фото: istockphoto.com

Дәрігерлер қазақстандықтарға қауіпті инфекция туралы ескерту жасады. Ауру бастапқыда жөтел мен тұмауға ұқсас белгілерден басталуы мүмкін. Алайда кейін дене қызуы күрт көтеріліп, құсу, қатты бас ауруы және теріде басқанда жоғалмайтын бөртпе пайда болуы ықтимал.

Менингококк инфекциясы алғашында кәдімгі суық тиюмен шатастырылуы мүмкін. Бірақ аурудың асқынуы өте жылдам жүреді. Сондықтан алғашқы белгілерге бейжай қарамай, адамның жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде байқау маңызды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, инфекцияның бастапқы белгілерінің бірі – жөтел. Кейін аурудың негізгі симптомдары байқала бастайды. Атап айтқанда, дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, науқастың аяқ астынан құсуы, басының қатты ауыруы мүмкін.

Аурудың ауыр белгілерінің қатарына адамның басын шалқайтып, аяқтарын ішіне қарай бүгіп жатуы, иегін кеудесіне жақындатқанда қарсылық танытуы жатады. Сондай-ақ теріде күлгін-қызыл түсті, жұлдыз тәрізді бөртпе пайда болуы мүмкін. Оның басты ерекшелігі – басқан кезде жоғалмайды.

Менингококк инфекциясы ауа-тамшы жолы арқылы таралады. Яғни науқас жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде инфекция басқа адамға жұғуы мүмкін.

Мамандардың мәліметінше, бұл ауру көбіне бір жастан екі жасқа дейінгі балалар мен 30 жасқа толмаған жастар арасында кездеседі. Аурушаңдық қыс-көктем мезгілінде жиілейді.

Инфекцияның салдары да ауыр болуы мүмкін. Аурудан кейін есту қабілетінің төмендеуі, балаларда ақыл-ой дамуының тежелуі, сирек жағдайда сал ауруы сияқты асқынулар кездеседі.

Инфекциядан қалай сақтануға болады?

Мамандар аурудың алдын алу үшін бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді. Ең алдымен, денені тоңдырмау, адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу, күн тәртібі мен дұрыс тамақтануға көңіл бөлу қажет.

Суық тиген жағдайда маска таққан жөн. Үй-жайды үнемі желдетіп, ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізу де маңызды.

Егер науқас адаммен байланыс болған болса, одан кейінгі 10 күн ішінде денсаулық жағдайын бақылау қажет.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті менингококк инфекциясына күдік туған жағдайда өз бетінше емделуге болмайтынын ескертеді. Аурудың белгілері байқалса, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Наверх