Қарамағындағы компанияларға сөзі өтпейтін министрлік керек пе?

11 Қаңтар 2023, 14:16
1941
Бөлісу:
Қарамағындағы компанияларға сөзі өтпейтін министрлік керек пе?
Фото: BAQ.KZ

Соңғы кезде еліміз бойынша ұшақтардың, пойыздардың кешігуі жиіледі, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі деген министрлік бар. Қателеспесек жақында басшысы ауысты. Бұған дейін Қайырбек Өскенбаев басқарған саланы енді Марат Қарабаев қарамағына алды. Біздің айтпағымыз мүлде ол емес. Қазір қай саланы кім басқаратынын Құдай мен Президенттен басқа ешкім білмейді.

Қош...

Осы министрліктің құрамына кіретін Көлік комитеті және Азаматтық авиация комитеті деген екі комитет бар. 

Көлік комитеті өздері туралы мәліметте: Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінiң өз құзыретi шегiнде реттеуші, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ әуе және құбыржол көлiгiн қоспағанда, көлік саласында Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы – деп тайға таңба басқандай жазып қойған. 

Ал осы төрағасыз комитеттің қарамағында «Темір жол көлігі және жолаушылар тасымалы басқармасы» деген басқарма бар. Біздің әңгіме тікелей осы басқармаға қатысты. 

Бұл басқарманы Елдос Нестай деген азамат басқарады. Тікелей басқарушылық бағыты – «Теміржол инфрақұрлымы».

Енді Азаматтық авиация комитетіне тоқталайық. Бұл комитет те өздері туралы: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті реттеуші, іске асырушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомствосы – екенін жазған. 

Талғат Лестаев басқаратын комитетте халықты тасымалдауға қатысты біраз басқарма бар екен. Бүгінгі әңгімемізге керегі соның бір-екеуі ғана. Соларды атап өтейік. «Ұшуды пайдалану басқармасы» және «Тарифтік реттеу басқармасы». Әрине мұнан бөлек «Бақылау және салалық реттеу басқармасы", "Ұшу қауіпсіздігі басқармасы", "Ұшу жарамдылығы басқармасы", "Әуежайлар басқармасы", "Авиациялық тасымалдар басқармасы" қатарлы бірнеше басқарманы атап өтуге болады. 

Қазақ «көп суыр ін қазбайды, ін қазса түзу қазбайды» дейді. Осынша көп басқарма отырып соңғы кезде әуе тасымалын дұрыс жолға қоя алмай отырғандары қалай? Әлде әуе компаниялары министрлікті тыңдамай ма, әлде министрлік жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын қол астындағы мекемелерге сөзін өткізе алмай ма?

Бұлай деуіміздің өз себебі бар. Қазіргі қоғамның кеудесіне жиналған өкпе-ренішін шығаратын орны – әлеуметтік желі. Ал әлеуметтік желі толған кешіккен пойыз бен ұшпай қалған рейс жайлы ақпаратқа толып кеткен.

Бүгін ғана болған жағдайды айтар болсақ, Астана әуежайының қалыпты жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, таңғы сағат 10.00-дегі жағдай бойынша ұшып келетін 14 рейс, ұшып кететін 9 рейс кейінге шегерілген.

Бұл жағдайға Әуежай баспасөзінің берген жауабының өзі күлкілі.

Себеп – ұшақтың кешігіп келуі. Әуежайда, оның ішінде ұшу-қону жолағында да қарды тазалау жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады. Нақты ақпаратты авиакомпаниялардың колл-орталықтарынан немесе әуежайдың ұшып кету және ұшып келу кестесінен білуге болады, - дейді елорда әуежайының баспасөз қызметі.

Бұл бір сағаттағы ғана кешігу. Ал күніне қанша ұшақ кешігіп қонып, кешігіп ұшып жатқанын тек жолаушылар ғана біледі.

Ұшақ пен пойыздың кешігуінен зардап шегетін қапайым халық қана. Оған министрліктің, комитеттердің, басқармалардың, компаниялардың басы ауырмайды. Тіпті біздің елдегі әуе компанияларының бассыз-баусыз кеткендігі сондай, ұшақтың кешіккені үшін жолаушылардан кешірім сұрап, рейс қалпына келтірілгенше жолаушының жағдайын жасау деген атымен жоқ.

Ұшақтардың кешігуі “нормаға” айналды! Бүгін сағат 10-дағы мәлімет бойынша 14 рейс ұшып келе алмай, 9 рейс ұшып кете алмай отыр екен. Себеп - “әуе кемесінің кеш келуі”. Әуе кемесі сонда қайдан кешігіп келеді? Барлық ұшақ шет елге кетіп қала ма? Сонша сағат кешігу “қардан тазалау” ісіне кете ме? Жолаушылар ;жағдайын кім ойлайды? Мына жауаптан мардымды түсінік алу қиын екен. Әділетті Қазақстан құру қарапайым нәрседен - ұшақтың уақтылы ұшуы мен пойыздың дер кезінде қозғалуынан дейсің! – деп жазады Сенатор Нұртөре Жүсіп.

Өткенде ғана Авиациялық әкімшілік басшысының орынбасары Салтанат Томпиева жаңа заң жобасын түсіндіру барысында рейсті кешіктірген әуе компаниялары жолаушыларға өтемақы төлейтінін айтқан болатын. 

Кідіріс тасымалдаушының кінәсінен болған жағдайда ғана төлемді талап етуге болады. Мысалы, ұшақ ұшуға дайын болмаса онда әуекомпаниясы кінәлі деген сөз. Ал, ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшпай қалса, онда өтемақы төленбейді. Өтемақы құны әрбір кешіктірген сағаты үшін билет құнының 3%-ына тең болады – деген еді ол.

Әрине, мұндайда қалтасынан қызыл тиын шығарғысы келмейтін әуе компаниялары кешіктірудің себебін ауа райына жабары сөзсіз.

Не десек те қарамағындағы Әуе компаниялары мен Қазақстан теміржолы деген алпауыттарға сөзі өтпейтін министрлік керек пе? Әлде жаңадан келген жас министр бұл мәселенің бір тетігін таба ала ма? Үміттен күдігіміз басым, десе де жақсылықтан күдер үзбейік.

Айтпақшы, тура осы министрлікке қарасты Тұрғын үй мәселесі, газдандыру мен жылу мәселесі, тозған құбыр мен ескірген жүйе жайлы алдағы уақытта айтатын боламыз. Әзірге министрлік жолаушылар тасымалындағы бассыздыққа қандай шара қолданатынын байқайық.

Өзгелердің жаңалығы