Түйетөбедегі қаралы жиын

31 Мамыр 2019, 15:54
4165
Бөлісу:
Түйетөбедегі қаралы жиын
Фото: автордан

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде 2 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Бүгін ақтөбеліктер әруақтарға құран бағыштап, тағзым етті. Түйетөбе ескерткішіне жиналғандар қатарында тотаритарлық жүйеден жапа шеккен жандардың ұрпақтары да бар.  

Ақтөбеліктер бүгін Түйетөбе басына жиналды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, ескерткіш басында құран бағыштады. Бір минут үнсіздік жариялап, тағзым етті. 

«Құрметті, жерлестер! Ендігі борышымыз - елдің бірлігін нығайты. Зұлмат жылдар оқиғасын, жазықсыз құрбан болғандарды ұмытпау, есте сақтау. Ғылымда «тарихпен тәрбиеле» деген сөз бар. Тарих – өткеннің ауыр сабақтарын сараптай отырып, адамзаттың бүгінгі мен болашақтағы тарихында осындай зұлматты болдырмауды міндеттейді. Сол қатыгез дәуірде қазақ өз қонақжайлығынан да жаңылмады. Ауыртпалыққа шыдап, ұйыса білді. Зобалаң көоіп, зұлматқа ұшыраған арыстарымызды еске ала отырып, ерліктеріне бас июіміз керек. Олар өз миссиясына адал болды. Енді мұндай жағдайлар қайталанбас үшін барлық мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз керек»,-деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.   

Түйетөбедегі қаралы жиын

Ақтөбедегі Түйетөбеде 1937-1938 жылдары жазықсыз азаматтар жаппай атылды. Тарихи деректер бойынша 1932-1933 жылдары аштықтан 3 миллионға жуық қазақстандық көз жұмған. 600 мыңнан көбі туған жерден кеткен. Ашаршылықпен саяси қуғын-сүргін жалғасты. 1920-1940 жылдарда Ақтөбе өңірінде 7 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. 2 мыңға жуығы атылды. «Бұл тек есепке алынғаны ғана» дейді тарихшылар. 

«Біздің халық 20 ғасырда бірнеше зұлматты бастан кешірді. Өте өкінішті. Тарихтың тезіне түстік қой. 20 ғасырдың 1920 жылынан бастап партиялық тазалау деген желеңмен ұлттың бас көтерер азаматтарын құртты. Тек Қазақстан ғана жүргізіліп қойған жоқ. Ұлттық санақта түрлі мәліметтер кездеседі. Ресми түрде ашаршылық, саяси қуғын-сүргін салдарларын анықтау жөнінде мемлекеттік комиссияның шешімі шыққан. 2 миллон 200 мыңнан астам адам зұлмат жылдардың құрбан болғандығы айтылған. Халық бұл күнді ұмытпайды. 31 мамыр – ерекше тағзым ететін күн. Ежовтың бұйрығында Ақтөбе облысы бойынша 350 адам атылуы керек деген бұйрығы бар. Ал, өңір бойынша анықталған сан 7-8 мыңның ортасы. Қазақстан бойынша 127 мың. 25 мыңнан астамы атылып кетті. Оның 60 пайызы ұлттың бас көтерер азаматтары болатын. Бұл тек анықталғаны ғана»,-деді Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай. 

Жыл сайын өтетін митингке келген жұрт қарасы биыл да көп. Халық жауы деп танылған ата, әкелерін ұрпақтары олар ақталғаннан кейін іздей бастаған.  Солардың бірі – Болатбек Тәжімбет. Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны жыл сайын мамырда Ақтөбеге арнайы келеді. Атасына құран бағыштап, еске алады. 

Түйетөбедегі қаралы жиын

«Атам Мақсұм Тәжімбет есімді атам жатыр бұл жерде. 1872 жылы дүниеге келген. Арал ауданында медресе ашып, бала оқытқан. 1930 жылы 5 жылға сотталған. 1937 жылы 1 қазанда  «үкіметке қарсы ұйым құрды» деп айыпталып, ұсталған. Арал ауданы сол кезде Ақтөбе облысына қараған. 1937 жылы 19 қазанда үштік үкім шығарып, ату жазасына кесілген. 1987 жылы «атылған» деген қағазын алдық. Жыл сайын келемін. Тұңғыш немересімін. Түйетөбеде жатқанын білеміз, бірақ нақты қай жер екенін анықтай алмадық»,- деді Қызылорда облысының тұрғыны Болатбек Тәжімбет. 

Ал, Қайыржан Көпбағамбетов әкесіне дұға етті. 1937 жылдың 19 қазанда Ойыл ауданындағы 2-ші ауылда ұстап әкеткен. 29 қазанда атылған. 

«Әкем Есқали Көпбағамбетов туралы 1994 жылы ғана іздеп, білдім. Оған дейін «халық жауының баласы» күндейді деп іздей алмадым. Молда болған, медресе ұстаған жан болғандықтан ұстап әкеткен. Әкем ұсталғанда мен шешемнің ішінде 5 айлық шарана болыппын. 18 жасқа толғанша тегімді өзгертіп жүрдім.  1994 жылы ғана әкемнің ақталғаны туралы газеттен оқып, білдім»,- деді ақтөбелік Қайыржан Көпбағамбетов. 

Түйетөбеге жиналған жұрттың тағдыры да, тілегі де бір. Әке, аталарынан ерте айырылған, тағдыр тауқыметін көрген ақтөбеліктер жазықсыз боздақтардың жандары пейіштен орын алса дейді.

Өзгелердің жаңалығы