Қарағандының орталық көшесіндегі оқушылар мектепке бара алмай отыр

14 Қыркүйек 2023, 16:21
914
Бөлісу:
Қарағандының орталық көшесіндегі оқушылар мектепке бара алмай отыр
PHOTO
Фото: автордан

Қарағандының Бөкетов көшесінің тұрғындары жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолының жүруге жарамсыз болуы салдарынан балаларын мектепке жаяу жібере алмай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің Қарағанды облысындағы тілшісі.

Бөкетов көшесінде биыл 4 жолақты үлкен жол салынуы тиіс болған. Мамыр айының соңында жолдың ескі жабындысы алынып тасталған. Алайда 3 ай жазда жол жөнделмеді. Енді тұрғындар резеңке етікпен жүруге мәжбүр.

Степной, Гүлдер шағын аудандарын Күнгеймен қосатын осы жол жөнделетіндігін естігенде қатты қуандық. 4 жолақты үлкен жол болады деді. Жол жаздай жабық тұрды. Ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Жолды тек қазып-қазып тастады. Қыркүйек айының басында жол жөнделмейтін болды деп қайтадан ашты. Қазір бұл жолмен адам түгілі көлік те жүре алмайды. Айналаның бәрі шұрық-тесік, лай-батпақ. Балалар мектепке өздігінен бара алмай отыр. Жұмысымызды тастап, оларды көлікпен тасуға мәжбүрміз. Бұл көшенің бойында тұрғын үй салып жатқан құрылыс компанияларының жүк көліктері жолды одан бетер жүруге жарамсыз қылды. Құрылыс жүргізуші компаниялар жылу, электр желісін, кәріз жүйелерін жасап, айналаның бәрін қазып тастады. Қазылған жерлерді қалпына келтірмеді. Енді міне қаланың орталығындағы көшенің тұрғындары жолсыз өмір сүріп жатырмыз. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз жоқ. Бізге көмекке келуге ешкім құлықсыз, - дейді қала тұрғыны Қайрат Тұрдиев.

Қарағандының орталық көшесіндегі оқушылар мектепке бара алмай отыр

Әкімдіктегілер жобаға техникалық түзетулер енгізілуіне байланысты жол салу жұмыстары кейінге қалдырылғандығын айтады. Құрылыс жұмыстарын “Қарағанды қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі” жүргізбек болған.

Биылғы жылы Бөкетов көшесінде автокөлік жолын салу жобасы қолға алынған болатын. Қазіргі уақытта жобаға техникалық түзетулер енгізілуіне байланысты жол салу жұмыстары тоқтатылған. Жобаны аяқтау мерзімі 2024 жылдың соңы. Қазір Бөкетов көшесіндегі жол ашылған, жолды тегістеу жұмыстары жасалды, - дейді Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.

Тұрындар болса тегістеу жұмыстары өз деңгейінде жасалмағандығын айтады.

Қарағандының орталық көшесіндегі оқушылар мектепке бара алмай отыр

2-3 машина сары лайды төгіп, үстінен трактормен тегістеген болды. Сары лай жауын-шашынның кесірінен езіліп, жол мүлдем жүруге жарамсыз болып қалды. Бұрын бұл жерді тұрғындар өз қаржымызбен тегістетіп, құм төсетіп қоятынбыз. Ешқандай қиындық болмайтын. Балалар өздігінен мектептеріне барып, қарияларымыз да бір мезгіз сыртқа шығып, серуендеп қайтатын. Біздің салған грейдер жолымызды жаңа жол салынады деп әкімдік бұзып, алып тастады. Міне енді жол жоқ. Өзіміздің ескі жолымызға зар болып қалдық. Ең болмаса жаяу жүргіншілерге арнап қиыршық тастан жол салып беруге болатын еді ғой, - дейді тұрғындар.

Бұл көшенің бойынша 60-тан астам жекеменшік тұрғын үй бар, оған қоса соңғы жылдары бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер салынды. Осы үйлердің тұрғындарының барлығы жол зардабын тартып отыр. Тіпті балалар сабақтан қайтқанда шұңқырға құлағандықтарын айтады.

Қарағандының орталық көшесіндегі оқушылар мектепке бара алмай отыр

Мен осы жолмен күнде жүремін. Себебі мектепке баруым керек. Аяғым күнде осылай лай болады. Мектепке жеткен соң аяқ киімімді ауыстырамын. Үйге келген соң аяқ киімімді жуып, жайып қоямын. Бірде сабақтан қайтып келе жатқанымда шұңқырға құладым. Айналаның барлығы лай-батпақ, жер тайғанақ. Үсті басым лай болды. Ата-анамнан жол қашан жасалатынын күнде сұраймын. Құрметті әкім, бізге балаларға жол салып беруіңізді өтініп сұраймын, - дейді оқушы Нұрай.

Жол азабын әбден тартқан Бөкетов көшесінің тұрғындары мұнымен қоса электр энергиясы да жиі сөнетіндігін айтады.

Қарағандының орталық көшесіндегі оқушылар мектепке бара алмай отыр

Дәл жанымыздан көпқабатты үйлер салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары кезінде жүк көліктері бізге келетін электр сымдарын бірнеше рет үзіп кетті. Соның салдарынан жарықсыз отыруға мәжбүрмін. Менің үйінде 2-3 ай болды мүлдем жарық жоқ. 5 баламыз бар көпбалалы отбасымыз. Жиырма бірінші ғасырда, заманауи “нұрланған” елде жарықсыз өмір сүруге мәжбірміз. Әкімдікке, прокуратураға да бардым. Ешқандай нәтиже жоқ, - дейді қала тұрғыны Ләйлә.

Қарағандының орталық көшесіндегі оқушылар мектепке бара алмай отыр

Көпбалалы отбасылар, мүгедектер тұратын көшенің бойымен орталықтандырылған жылу жүйесі өтетіндіктен осы жерге көпқабатты үйлер көптеп салынып жатыр. Алайда құрылыс салушы компаниялар қарапайым халыққа ыңғайлы етіп инфрақұрылым жасап беруге құлықсыз.

Мүгедекпін, 12 жыл болды көзім мүлдем көрмейді. Бұл жерде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталғанға дейін далаға таяқпен шығып серуендеп қайтатынмын. Қазір сыртқа шығудан қалдым. Айналаның бәрі шұңқыр, ойық-тесік, жаяу жүру мүмкін емес. Біздің проблемамызға әкімдік назар аударса деп тілейміз, - дейді Жанғали Сыздықов.

P.S. Материал дайындалып жатқанда қалалық әкімдіктен қыркүйек айының 20-сына дейін жолға фреза қиыршықтары төселіп, тегістелетіндігін айтты. 
 

Өзгелердің жаңалығы