Қарағандыны газдандыру 2030 жылы аяқталуы мүмкін

14 Наурыз 2024, 09:46
949
Бөлісу:
Қарағандыны газдандыру 2030 жылы аяқталуы мүмкін
PHOTO
Фото: автордан

"Сарыарқа" газ магистралінің аясында Қарағанды қаласын көгілдір отынмен қамту шаралары 2030 жылға дейін созылуы мүмкін. Бүгінгі таңда жоба бойынша 3 іске қосу кешені қолданысқа берілген, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Қарағандыны газдандыру шаралары 2019 жылы басталған болатын. Қаланы көгілдір отынмен қамту жобасы төрт кезеңді құрайды. Барлығы 16 іске қосу кешенін салу жоспарланған. Орталықтандырылған газдандыруды мемлекет тарапынан қаржыландыру уақытылы болса, жоба 2030 жылы толығымен іске асырылуы мүмкін. Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің мәліметінше, жоба бойынша қалада 5 мыңға тарта жекеменшік тұрғын-үйді табиғи газға қосу жоспарланған.

Қарағанды қаласын газдандыру жобасы 2019 жылы басталды. Қаланың Михайловка ықшам ауданына табиғи газ осы жылы кірді. Сол ауданда бірінші іске қосу кешенін қостық. Одан кейін екінші және үшінші іске қосу кешендері қолданысқа енгізілді. Жалпы жоба 16 кезеңнен тұрады. Қаржыландыру уақытылы болса, біздің жобамыз жүріп тұрса, 2030 жылға дейін бітіреміз деп отырмыз, - дейді Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Қарағандыны газдандыру 2030 жылы аяқталуы мүмкін

Қазіргі уақытта қала бойынша Михайловка, Федоровка, Жаңа қала ықшам аудандарының 7018 тұрғын үйінің табиғи газға қосылуға мүмкіндігі бар. Табиғи газ осы үйлердің дәл іргесінен өтіп тұр. Бүгінгі таңда қала бойынша 2319 абонент табиғи газға қосылған. Бұл газдандырудың 33 пайызын құрайды. Барлығы 243 шақырым газ құбыры қолданысқа енгізілген.

Биылғы жылы төртінші, бесінші және алтыншы іске қосу кешендері жұмыс істей бастамақ. Бұл кешендер Үлкен Михайловка, Таугүл, Мелькомбинат шағын аудандарын, Күнгей елдімекенін және Global City аймағындағы үйлерді газбен қамтитын болады.

Жоба уақытында аяқталуы үшін бізге тұрғындардан түсіністік танытуларын сұраймыз. Газ тарту жұмыстары көбіне жылдың жылы мезгілдерінде жүргізіледі. Яғни біздің жұмыс жасау уақытымыз шектеулі. Кейде тұрғындар көшелерге блоктар қойып тастайды, біз осы көшелерге бір ай бойы газ құбырларын тарту жұмыстарын жүргізе алмайтын уақыттарымыз болды. Сондықтан да, тұрғындардан түсіністік танытуларын, кедергі келтірмеулерін сұраймыз, бізбен бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Газ тартылатын көшелердің ақсақалдарынан, белсенділерінен бізге көмек көрсетулерін сұраймыз. Тағы да қайталап айтамын, жаз өте қысқа. Біз жұмыс жасап үлгеруіміз қажет, - дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Қарағандыны газдандыру 2030 жылы аяқталуы мүмкін

Құрылыс бөлімі газ құбырларын көше бойымен өткізіп, үйлердің шарбағының алдына дейін тартады. Әрі қарай тұрғындар газға қосылу, не қосылмауды өздері шешеді. Көше бойымен өтетін табиғи газға қосылу бойынша жұмыстарды лицензиясы бар фирмалар арқылы жасай алады. Шығынды тұрғындар өздері көтереді.

Орталықтандырылған газдандыру жүйесіне қосылу үшін ең алдымен үйдің техникалық жағдайы анықталады. Ол үшін бар болғаны 4 құжат болса жеткілікті: жеке куәлік, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы мәлімет (2-форма), нысанның техникалық төлқұжаты және жер учаскесіне берілетін құқықтық құжаттар. Одан кейін дәнекерлеу-монтаждау жұмыстарын жүргізетін компанияға жүгіну қажет. Қарағанды нарығында мұндай жұмыстар жүргізетін 50-ге тарта сертификатталған компания бар. Дәнекерлеу-монтаждау жұмыстарын жүргізетін компания таңдалынып, жоба жасалынып, үйде газдандыру бойынша жұмыстар жасалғаннан кейін атқарушы-техникалық құжаттар біздің компанияға тапсырылады. Келесі кезеңде біздің мамандар екі апта ішінде нысанның техникалық жағдайына тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Осыдан кейін тұрғын-үй орталықтандырылған газдандыру жүйесіне қосылады, - дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының газдандыру бөлімінің басшысы Аманжол Мұхамет.

Қарағандыны газдандыру 2030 жылы аяқталуы мүмкін

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы өкілінің айтуынша, көгілдір отынның тарифін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейді. Бүгінгі таңда газдың бір текше метрі 37 теңге 43 тиынды құрайды.

Орталықтандырылған газдандыру жүйесіне қосылуға техникалық шарттарды eGov.kz порталы немесе ktga.kz сайты арқылы онлайн немесе біздің кеңседен офлайн алуға болады. Техникалық шарттар тегін беріледі, - деді Аманжол Мұхамет.

Қарағандыны газдандыру 2030 жылы аяқталуы мүмкін

Газдандыру бойынша барлық техникалық жұмыстарды атқаратын мердігер компания мамандарының айтуынша, жекеменшік тұрғын-үйді орталықтандырылған газға қосу шараларына шамамен 650-750 мың теңге көлемінде қаржы кетеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, тұрғындардың әлеуметтік осал топтары үшін пайызсыз несие қарастырылған. Халық осы мәселе бойынша Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына жүгіне алады.

Біздің көшеде 5-6 үй орталықтандырылған газға қосылды деп естіп отырмыз. Шамамен 1 миллион теңгеге дейін қаражат керек екен. Біз де қосылуды жоспарлаудамыз. Үйді газбен жылыту арзанырақ болады дейді көршілеріміз, - дейді Ә.Ермеков көшесінің тұрғыны Наталья Исаева.

Өзгелердің жаңалығы