Қарағандыда полициядан ақша бопсалағандар сотталды

14 Маусым 2022, 05:25
1284
Бөлісу:
Қарағандыда полициядан ақша бопсалағандар сотталды

Нұр-Сұлтан,  BAQ.KZ. Қарағанды қаласында Қазыбек би аудандық соты полицейден ақша бопсалаған екі ер адамға қатысты үкім шығарды. Біреуі өзін блогер ретінде таныстырған.

Тергеу материалдарына сәйкес, 28 жастағы ер адам танысымен бірге полицейлерді аңдып, видеоға түсірген. Былтыр қазан айында екеуі бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кеткен патрульдік көлікті түсіріп алған. Полицейлер жарық шамдарын қоспаған.

Екеуі видеоны желіге жүктейміз деп тәртіп сақшыларын қорқытып, 150 мың теңге талап етті.

Жол ережесін бұзған полицей ішкі қауіпсіздік басқармасына арыз түсірді. Ал ақша бопсалаған ер адамдар қылмыс үстінде ұсталды.

Сотта 28 жастағы блогер өз кінәсін мойындаған жоқ. Ал оның сыбайласы барлық айыптаумен келісіп, көлік жүргізуші міндетін орындағанын айтты. Ақша алу кезінде делдал болған.

Қазыбек би аудандық соты ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотталушыларды кінәлі деп таныды. Сот блогерді ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Оның серіктесіне 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, – деп хабарлады Қарағанды облысы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы