Қарағандыда «Энергетиктер аллеясы» ашылды

Жаңа аллея Экологиялық парктің жасыл аймағының бір бөлігіне айналып, энергетика саласы өкілдерінің бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде қалыптасады.

 Энергетика министрлігі 29 Қыркүйек 2026, 08:54
29 Қыркүйек 2026, 08:54
128
Фото: Энергетика министрлігі

Қарағандының Экологиялық паркінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Энергетиктер аллеясы» ашылды. Аллея аумағына 200-ден астам ағаш көшеті отырғызылды.

Жобаның бастамашысы – Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті.

Ағаш отырғызу акциясына облыс басшылығы, департамент қызметкерлері, өңірдің энергетикалық кәсіпорындарының өкілдері және энергетика саласының ардагерлері қатысты.

Іс-шараға «ҚРЭК» ЖШС, «Қарағанды Жарық», «Теплотранзит Қарағанды», «Қарағанды Энергоцентр», «Эргономика», «KEGOC» АҚ және «QAZAQGAZ AIMAQ» өкілдері атсалысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ағаш отырғызу жұмыстары өңір энергетиктерінің қаланы көгалдандыруға, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесін көрсетеді.

Жаңа аллея Экологиялық парктің жасыл аймағының бір бөлігіне айналып, энергетика саласы өкілдерінің бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде қалыптасады.

Экологиялық бастамалар мен аумақтарды абаттандыруға бағытталған осындай жобаларды еліміздің басқа өңірлерінде де іске асыру жоспарланып отыр.

Наверх