Қарағанды және Ұлытау облыстары елордадағы жәрмеңкеде 700 тоннаға жуық өнім ұсынады

20 Қазан 2022, 21:16
1614
Бөлісу:
Қарағанды және Ұлытау облыстары елордадағы жәрмеңкеде 700 тоннаға жуық өнім ұсынады

Алдағы демалыс күндері, 22 және 23 қазанда елордадағы дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Қарағанды және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордаға екі облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 698 тонна экологиялық таза өнім әкеледі. Оның ішінде: 430 тонна картоп, барлық түрдегі 138 тонна ет, 95 тонна көкөніс, 13 тонна сүт өнімі, 5,5 тонна балық және балық өнімдері, 200 мың дана жұмыртқа және 16 тонна өзге де өнім (шұжық, кондитерлік, нан-тоқаш).

Қарағанды облысынан Республика күнін мерекелеу қарсаңында жәрмеңкеге 164 фермерлік шаруашылық пен қайта өңдеу кәсіпорындары, сондай-ақ Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады.

Бұл жәрмеңке фермерлерге өз өнімдерін тікелей тұтынушыларға делдалсыз сатуға мүмкіндік береді, нәтижесінде олардың тауарлары нарықтағы бағадан 10-20% төмен болады.

Жәрмеңкелер 30 қазанға дейін әр сенбі мен жексенбі күндері өтеді. Өтетін орны: Тұран, 48 мекенжайындағы «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаң.

Ал келесі демалыста (29-30 қазан күндері), яғни биылғы жәрмеңкені Ақмола облысының кәсіпкерлері қорытындылайды.

Өзгелердің жаңалығы