Қарағандыда теміржол вокзалындағы қауіпті әрекеттің жолы кесілді. 4 маусым күні Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері теміржол вокзалы аумағын патрульдеу барысында жолаушылар платформасы маңындағы автомобиль көпірінде тұрған ер адамды байқады.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, азамат теміржол желісінің байланыс тірегіне шығып, өзінің және айналасындағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Төмен түскеннен кейін ол полиция қызметкерлерінен жасырынуға тырысып, олардың заңды талаптарына бағынбаған. Көлік полицейлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде құқық бұзушы ұсталып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Ұсталған азаматтың Қарағанды облысының 38 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.
Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау фактісі бойынша оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды.
Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамды кінәлі деп танып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Көлік полицейлері теміржол инфрақұрылымы нысандарының қауіптілігі жоғары аймақтарға жататынын еске салады. Мұндай орындардағы жауапсыз әрекеттер қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.