Қарағанды облысында жаңа сүт-тауар фермалары мен картоп қоймалары пайда болады

2 Мамыр 2023, 21:40
917
Бөлісу:
Қарағанды облысында жаңа сүт-тауар фермалары мен картоп қоймалары пайда болады
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Қарағанды облысында биыл аграрлық-өнеркәсіптік кешенде 24 инвестициялық жоба жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сегіз сүт-тауар фермасы құрылып, үш жаңа картоп қоймасы іске қосылады. Мұның бәрі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров аппараттық кеңесте бұл бағытта тағы қандай жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, фермаларда мал көбейіп келеді. Биыл жылқылар бойынша 7 %-ға өсім күтілуде, олардың саны 340 мың басқа жетеді. Асылдандыру жұмыстарына назар аударылады. Нәтижесінде ет пен сүт өндірісі тұрақты өсуде.

Облыста сонымен қатар тұрғындарды өз өнімдерімен қамтамасыз ету үшін картоп пен көкөніс егу жылдан жылға артып келеді. Дәнді дақылдар алқаптары да өседі.

Ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің көлемін ұлғайтуға басты назар қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және жаңа өндірістер құру жөніндегі жобаларды іске асыруға аударылады. 2023 жылы 24 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның 10-ы мал шаруашылығында, 11-і өсімдік шаруашылығында, 3-і қайта өңдеуде. 4100 басқа арналған 8 сүт-тауар фермасы құрылатын болады, бұл сүт өндірісін жылына 42 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 77%-ға дейін өседі, – деп атап өтті Асқар Санаубаров.

Бүгінде облыста картоп пен көкөністерге арналған 134 қойма бар. Өткен жылы үш жаңа заманауи картоп қоймасы енгізілді, биылғы жылы да осындай қор қосылады.

Тағы бір маңызды бағыт – ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Ол үшін жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жеңілдікпен шағын несие беру көзделген. Биыл облыс бойынша 653 шағын несие беру жоспарлануда, 218 өтінім келіп түсті.

Көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқтау қажет. Мал басының өсуі, ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісін ұлғайту үшін барлық қажетті шаралар қабылдансын. Инвестициялық жобаларды жоспарланған мерзімде іске қосуды қамтамасыз ету қажет, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өзгелердің жаңалығы