Қарағанды облысында тұрақтандыру қоры қалай жұмыс істейді

24 Наурыз 2022, 16:18
1938
Бөлісу:
Қарағанды облысында тұрақтандыру қоры қалай жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының тұрақтандыру қорында 722 тонна көлемінде азық-түлік қоры құрылды. 

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл азық-түлік өнімдері: қант, қарақұмық, өсімдік майы. Сонымен қатар, апта сайын белгіленген бағамен саудаға көкөніс жеткізілімдері ретке келтірілді.

«Сарыарқа» ӘКК-де тұрақтандыру қорының жұмысы туралы айтып берді.

Тұрақтандыру қоры азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруға арналған. Екі механизм қолданылады. Біріншісі – бакалея өнімдерін өзіміз сатып аламыз және сатамыз. Тауар интервенциялары комиссияның шешімі бойынша жүргізіледі. Өтінімдерді қалалар мен аудандардың әкімдіктері береді, ал көлемдер ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік басқармаларымен келісіледі. Екіншісі – шағын және орта бизнес субъектілеріне 0,01% жеңілдікпен несие беру. Кәсіпкер белгілі бір кезеңде өнімді белгіленген бағамен сатуға міндеттенеді. Айналым деп аталатын схема бойынша көкөністерді сату жүріп жатыр, – деп түсіндірді «Сарыарқа» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Өміртаев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері шамамен 50 тонна бакалея өнімі көлемінде тауар интервенциялары жүргізілген.

Айналым схемасы бойынша Қарағандыда кәсіпкерлердің бірімен шарт жасалды. Өнімнің төрт түрі бойынша жалпы көлемі 2000 тонна анықталды: картоп – 1100, сәбіз – 400, пияз – 300, қырыққабат – 200. Кәсіпкер апта сайын көкөністерді облыс орталығының супермаркеттеріне, әлеуметтік павильондарға жеткізеді. ӘКК ақпараты бойынша, өткен жылдың қазан айынан бастап жеткізілімдер 500 тоннадан асты.

Қантқа келетін болсақ, жақын арада азық-түлік корпорациясынан қосымша 136 тонна күтілуде. Бұл партияның бір бөлігін тауар интервенциясына жіберуге ниетті.

Қарақұмық, өсімдік майын қосымша сатып алу да жоспарда бар. Сонымен қатар, күріш сатып алынады.

Мәулен Өміртаев азық-түлік өнімдерін жеткізу географиясына да тоқталды. Барлығы ел ішінде сатып алынады: қант – Таразда, қарақұмық – Павлодар облысында, өсімдік майы – Шығыс Қазақстанда, күріш – Қызылордада.

Тауарды сақтау үшін ӘКК-нің өз қоймалары бар.

Тұрақтандыру қорын толтыру үшін форвардтық сатып алу тетігін де пайдалануды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты осындай тапсырма бергені белгілі. Бізде бұл үшін қаражат жеткілікті. Біз картоп, сәбіз, пияз секілді көкөністерді сатып алуға келісім жасай аламыз. Бағаны белгілеп, өнім жиналғаннан кейін қажет болған жағдайда ауылшаруашылық тауар өндірушілерден өнімді ала аламыз. Қазір ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді Мәулен Өміртаев.

Өзгелердің жаңалығы