Атырау облысында патрульдік полиция қызметкерлерімен профилактикалық әңгімеден өтіп, жылдамдықты шамадан тыс асырғаны үшін айыппұл алған жүргізуші бес сағаттан кейін жол апатына ұшырады.
Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жол апаты Атырау – Ақтөбе автожолының 565-шақырымында болған.
Мұнда Jetour X70 кроссовері мен Toyota Hilux пикапы бетпе-бет соқтығысқан. Абырой болғанда, апаттан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда көліктер механикалық зақым алды.
Белгілі болғандай, бұл оқиғаға дейін бірнеше сағат бұрын Ақтөбе – Атырау – Астрахань тасжолының 715-шақырымында «Оракул-Инсайт» құқық бұзушылықтарды тіркеу жүйесі осы Jetour X70 көлігін анықтаған. Жүргізуші сағатына 166 шақырым жылдамдықпен жүрген.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жылдамдықты асырған жүргізушіні жедел тоқтатқан.
Жүйе тіркеген құқық бұзушылық бойынша әкімшілік хаттама автоматты түрде рәсімделді. Полицейлер жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін сақтау, белгіленген жылдамдық шегінен аспау және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін түсіндірді», – делінген хабарламада.
Алайда жүргізуші ескертуге құлақ асып, қауіпті тасжолда жылдамдығын төмендетпеген. Арада бес сағат өткенде кезекші бөлімге жол апаты туралы хабар түскен.
Құқық қорғау органдары көлік жүргізушілерін жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырды. Полиция өкілдері жол ережелерін елемеу мен асығыстық қала сыртындағы тасжолдарда ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болатын негізгі факторлардың бірі екенін еске салды.