Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Мәдениет үйі ғимаратының қасбетінен қаптама кірпіш құлап, зардап шеккен үш жасар баланың жағдайы туралы жаңа мәліметтер пайда болды.
Баланың анасының айтуынша, оқиға кезінде әкесі ұлымен бірге ғимарат жанында серуендеп жүрген. Бәрі қас-қағым сәтте болған. Ер адам баланы ұстап үлгеріп, оны тағы бір соққыдан аман алып қалған. Әйелдің сөзінше, бала көп қан жоғалтқан. Ата-аналар болған жағдайға қаптаманың нашар бекітілуі себеп болғанына сенімді. Олар кінәлілерді тауып, жазалауды талап етті.
Біздің талабымыз – осы жұмысты сапасыз орындағандардың барлығын табу. Құлаған қаптаманың сынықтарын көргенімде, оларда не цемент, не көбік (пена), не бекіткіш болмады. Олардың жалпы қалай тұрғаны түсініксіз. Мен барлық ғимаратnың тексерілуін қалаймын. Өйткені бұл шынымен де қауіпті, – дейді баланың анасы Сабина Қауапова.
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Санитарлық авиация желісі бойынша нейрохирург пен реаниматологтан құралған бригада келді. Біздің мамандармен бірлесіп ота жасалды. Отадан кейін баланың жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Бала Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының жіті бақылауында, тұрақты түрде консилиумдар өткізіліп тұрады, - деді Бұқар жырау ауданы ауруханасының басшысы Қуандық Мустафин.
Оқиғаға қатысты Бұқар жырау ауданы әкімдігі де түсініктеме берді.
Мәдениет үйі ғимаратының маңында тіркелген оқиғаға байланысты алаңдаушылық білдіреміз. Оқиға салдарынан 2,5 жастағы бала зардап шекті. Қазіргі уақытта бүлдіршінге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Жағдайы бақылауда. Жергілікті атқарушы орган отбасы мүшелерімен байланыста, тиісті қолдау көрсетілетін болады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Бұқар жырау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұқар жырау ауданының мәдениет басқармасы Мәдениет үйі ғимаратына соңғы рет 2022 жылы, яғни төрт жыл бұрын жөндеу жүргізілгенін хабарлады. Алғашқы зақымданулар 2024 жылы-ақ анықталған.
Мәдениет үйінің сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары 2022 жылы жүргізілген болатын. Аталған жұмыстардың мердігері - «Asia Nur - 2030» ЖШС, басшысы - Омаров Нургаш. 2024 жылы нысанда анықталған ақауларды жою мақсатында мердігер ұйымға бірнеше рет ресми хаттар жолданды. Алайда, мердігер тарапынан кемшіліктерді түзету жөнінде уәде берілгенімен, тиісті жұмыстар орындалмады. Кейіннен аталған компанияның банкротқа ұшырағаны туралы ақпарат белгілі болды, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейірлан Қали.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында 3 жасар баланың үстіне ғимарат қасбеті құлап, оған шұғыл ота жасалғанын хабарладық.