Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылында қайғылы оқиға болды. Көкпекті өзенінде 2011 жылы туған қыз бала суға батып көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, бір топ жасөспірім ересектердің қарауынсыз өзен жағасында болып, суға түскен. Кейін қыз баланың суға кеткені анықталған.
Оқиға орнына келген құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп, қыз баланың денесін жағадан шамамен 20 метр қашықтықта, 4 метр тереңдіктен тапты.
Өзеннің аталған учаскесінде шомылуға тыйым салынған. Бұл туралы ескерту белгісі биылғы 2 маусымда орнатылған. Сонымен қатар жазғы демалыс қарсаңында мектеп әкімшілігі оқушылармен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізген болатын, - деді Қарағанды облысы ТЖМ қызметі.
Құтқарушылар шомылуға тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған жерлерде суға түспеуге, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға және ескерту белгілеріне назар аударуға кеңес береді.
Еске салсақ, Қосшыда 10 жасар бала суға батып кетті.
Сондай-ақ, Қапшағай су қоймасында жасөспірім суға батып кете жаздағанын хабарладық.