Қарағанды-Балқаш тас жолы. "Өлім трассасының" құрылысы биыл аяқтала ма?

22 Мамыр 2024, 11:20
615
Бөлісу:
Қарағанды-Балқаш тас жолы. "Өлім трассасының" құрылысы биыл аяқтала ма?
PHOTO
Фото: автордан

Ел аузында өлім трассасы аталып кеткен «Қарағанды-Балқаш» автожолының құрылысы 2019 жылы басталып, 2022 жылы аяқталуы тиісті болғанымен, жөндеу жұмыстары әлі де жүріп жатыр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

2016 жылғы жоба бойынша жолдың құны 248 миллиард теңгеге бағаланған. Алайда құрылыс басталғаннан кейін 1 жылдан соң құрылыс материалдарының бағасы 35-50 пайызға шарықтап кетті. Бүкіл жер шарын шарпыған пандемия де құрылыс жоспарына өз өзгерісін енгізді. Сонымен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бес жылда бас мердігер ауысып, жоба 317 млрд теңгеге қымбаттады.

Жалпы ұзындығы 946 шақырым болатын «Астана-Алматы» күре жолы бірнеше бөліктерге бөлінген. Тас жолдың 653 шақырымы Қарағанды облысының аумағымен өтеді. Оның ішінде ұзындығы 363 шақырым «Қарағанды-Балқаш» жолын салу жұмыстары 2019 жылы басталған. 2022 жылы толықтай пайдаланылуға беріледі деп күтілген жолдың құрылысы сағызша созылып, әлі жүріп жатыр. Тапсыру мерзімі бірнеше рет шегерілген автожол сапарға шыққан талай жүргізушінің жан ашуына айналған. Бірнеше жыл бойы жүргізушілер өмірлерін қатерге тігіп, діттеген жеріне уақытылы жете алмаған жүргізушілер наразылықтарын жасырмайды.

Қарағанды-Балқаш тас жолы. "Өлім трассасының" құрылысы биыл аяқтала ма?

Жолды тапсыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Біз бір жыл, екі жыл емес, бес жыл қатарынан осы құрылысы бітпеген жолмен жүруге мәжбүрміз. Жаз айларында туристік мерзім басталып, Балқаш көліне баратындар қатары көбейгенде бұл жолмен жүретін көліктер саны бірнеше есе артады. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін қосатын бірден-бір күрежолмен күніне мыңдаған көлік қатынайды. Алматы мен Астананы жалғайтын, әрі қарай Ресейдің Екатеринбург қаласына өтетін трасса бойында тауар тасымалдайтын ірі жүк көліктері де көп жүреді. Жолдың жүктемесі жоғары болғандықтан мұнда адам өлімімен аяқталатын көлік апаттары да жиі болады. Трассаның құрылысы тезірек аяқталса дұрыс болар еді, - дейді жүргізуші Ерболат Асылзатов.

Ел тұрғындары есінде ең ұзақ салынған күрежол ретінде есте қалатын төрт жолақты автобанның қазіргі уақытта екі жолағы ашылған. Өткен жылы жолдың барлық төрт жолағы асфальтталғанымен, қарама-қарсы жолақтардың ортасына және қауіпті аймақтарға қоршаулар орнатылмағандықтан, қазір қозғалыс тек екі жолақ бойынша мүмкін болып отыр. Билік өкілдерінің айтуынша «Қарағанды-Балқаш» тасжолының төменгі қабатының асфальтбетон жабындысының құрылысы толық аяқталған.

Қарағанды-Балқаш автожолы республикалық маңызы бар жол болып саналады. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» компаниясы. Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары аталған жолда ауқымды жұмыстар істелді. Иә, тапсыру уақытынан кешіріктірілді. Компанияның мәліметінше  биылғы жылы тас жол толық салынып бітеді, - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мұқашев.

Қарағанды-Балқаш тас жолы. "Өлім трассасының" құрылысы биыл аяқтала ма?

«ҚазАвтоЖол» өткен жылдың соңына дейін жолдың екі жағын, яғни 4 жолақты да ашатын айтқан болған-тын. Алайда, компания уәдесінде тұрмады. «ҚазАвтоЖол» компаниясы қазір Қарағандыдан Балқашқа дейінгі қозғалыс айналып өтетін жолдарсыз жүзеге асырылып жатқандығын айтады. Мамандар айналма жолдардың барлығын жойған. Қазіргі уақытта жол жасаушылар бөлу жолағында қоршаулар орнатып жатыр.

«Қарағанды-Балқаш» жолын салу жұмыстары 2019 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Жолдың жалпы ұзындығы 363 шақырым. Қазіргі уақытта жолдың құрылыс жұмыстары аяқталған, асфальт төсемесі төселген. Бірақ, жолды ашу мүмкін болмады. Себебі, қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолда жайландыру жұмыстарын жүргізу қажет. Жолдың құрылысы күрделі, жағалаулары биік. Алаңғасар жүргізушілер жолдан шығып, жыраға түсіп кетуі мүмкін. Жолақтардың арасына қоршаулар мен жол белгілерін орнату қажет. Жолдарды жайластыру жұмыстарынсыз 4 жолақта бірдей қозғалыс жүргізу мүмкін емес. Себебі, қауіпті жол учаскелері бар, - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК Қарағанды облыстық филиалының басшысы Ерлан Жұмағұлов.

Жол бірінші техникалық санатқа жатады және төрт жолақты жолдан тұрады. Қазіргі уақытта жол бойындағы 45 жасанды құрылыс нысанның, оның ішінде 32 өткел мен 11 көпірдің, жол айрығының, сондай-ақ, теміржол арқылы өтетін жол өткелінің құрылысы аяқталған. Мамандар жолдың сапасы ерекше бақылауда екендігін айтады.

Биыл аталған жолда асфальт төсемесін төсеу толығымен аяқталады. Жол сапасы ерекше бақылауда. Трасса пайдаланылуға берілгеннен соң жол инженерлері соңғы асфальт төсемесін төсерден бұрын тағы тексерді. Техникалық қадағалау қызметі, мердігер мекеме және біздің компания мамандары жолда жарықшақ сияқты ақауларды анықтадық. Олардың көпшілігі жолда қозғалыс жүріп жатқандықтан пайда болады, яғни жол пайдаланылуға берілгеннен кейін ақаулардың анықталуы қалыпты. Басты келісімшартқа сәйкес аталған ақауларды мердігер компаниялар өз есебінен жоятын болады, - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Айбек Амантаев.

Қарағанды-Балқаш тас жолы. "Өлім трассасының" құрылысы биыл аяқтала ма?

Бүгінгі таңда қозғалыс тек екі жолақ арқылы жүзеге асырылатын «Қарағанды-Балқаш» трассасында жол көлік апаттары жиі болады. Сондықтан да болар, бұл күрежол ел арасында «өлім трассасы» аталып кеткен. Жолдың бойындағы апаттарда бірден 5-6 адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шегеді. Құқық қорғау қызметкерлерінің мәліметінше  «Алматы-Екатерингбург» трассасы облыстағы апат жиі болатын күрежол саналады. Тек биылғы жылдың өзінде бұл жолдың бойында 24 адам қаза тауып, 25 адам зардап шеккен. Ең ірі жол апатының бірі 3 мамырда Ақсу ауылының маңында болған, онда 5 адам қаза тауып, 10 адам ауруханаға түсті.

Жол-көлік оқиғаларының себебіне жылдамдықты арттыру, жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кету, көлік жүргізу кезінде ұйықтап кету жатады. Осының кесірінен көліктер бетпе-бет соқтығысады. Мұндай көлік апаты кезінде адам өлімі көрсеткіші жоғары болады. Жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтап, жылдамдықты асырмау керектігін ескертеміз. Сізді үйіңізде жақындарыңыз күтіп отырғанын еске саламыз. Өкінішке қарай жол-көлік апаттарының 90 пайызы жүрзіушілердің кесірінен болады, - дейді Қарағанды облысы Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.

«Өлім трассасындағы» апаттарды азайту мақсатында полицейлер дрон ұшырып, жүргізушілерді әуеден бақылауды да қолға алды. Трассаның Спасск полигоны аумағындағы жол бөлігіндегі жол ережелерін бұзушылықты енді әуеден дрон бақылайтын болады. Бұл жерде жол бөлігі қауіпті саналады, жол биік қыраттардың үстімен өтеді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары салдарынан жол тарылып, жол қозғалысы тек екі жолақ бойынша жүзеге асырылуда. Жолдың екінші бөлігі жөндеу жұмыстарына байланысты жабық. Жолдың осы бөлігінде көліктерді басып озуға, қарсы бетке шығуға болмайды. Себебі қарсы келе жатқан көліктер көрінбейді, өз жолағыңызға қайтып келуге үлгермейсіз. Енді осы жол бөлігінде жол ережелерін бұзған көліктердің тіркеу номерлерін 200 метр қашықтықтан дрон анықтайтын болады. Дрон көліктің жылдамдығын анықтай алмағанымен, жол ережелерін бұзудың басқа фактілерін көре алады.

Республикалық «Алматы-Екатеринбург» трассасының Қарағанды облысының аумағынан өтетін жол бөлігінің қауіпсіздігін күн сайын 10 патрульдік полиция қадағалайды. Ал, демалыс және мереке күндері жолдағы көліктің ағыны бірнеше есе өскендіктен, патрульдер саны 25-ке дейін ұлғайтылады. Енді полицейлерге дрон көмектесетін болды.

«Қарағанды-Балқаш» автожолының жүргізушілері болса құрылысы 2019 жылы басталып, өкінішке қарай бес жылға созылған, осы уақыт аралығында өлім көрсеткіші жоғары болған «Қарағанды-Балқаш» күре жолы биыл толық пайдаланылуға беріліп, жол көлік апаттары азаяды деп үміттенеді.

Өзгелердің жаңалығы