Қаңтар қасіреті. Зардап шеккендерге қандай көмек беріліп жатыр?

17 Қазан 2022, 19:42
2439
Бөлісу:
Қаңтар қасіреті. Зардап шеккендерге қандай көмек беріліп жатыр?

Қайғылы қаңтар оқиғасының өткеніне тоғыз айдан асты. Осы уақыт аралығында елде қаншама оқиға болды. Қаза болғандар мен зардап шеккендерді ешкім ұмыт қалдырмады. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы оқиғадан 40 күн өткен соң мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайтынын, қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырғанын айтты. Содан бері бірнеше отбасы мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тапты. Әрине, бір жапырақ қағаз жақыныңның орнын толтыра алмайтыны анық...

«Қазақстан халқына» қоры

«Қазақстан халқына» қоры құрылмас бұрын «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 51-бабына сәйкес, қаза тапқан, мертіккен әскерилердің отбасыларына 500 АЕК көлемінде біржолғы өтемақы төленетіні айтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл қаңтарда «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Қор бағыттарының бірі – қаңтар оқиғасында қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасына, балаларға көмек беру. 

Қор қаңар оқиғасында зардап шеккен 154 отбасыға көмек көрсеткен. Оның ішінде 24 адам әскери қызметке қатысы жоқ. Жақында қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қоры қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен және қаза тапқандардың отбасына көмекті Бас прокуратура ұсынған тізім бойынша көрсетететінін мәлімдеді.

Бүгінгі таңда қор қайғылы оқиға барысында зардап шеккен 156 адамға жалпы сомасы 616 млн теңге қайырымдылық көмек көрсетті.

Атап айтқанда: қаза тапқан 19 әскери қызметшінің, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің отбасыларына - 133 млн теңге (7 млн теңгеден); ауыр жарақат алған 111 әскери қызметшіге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне - 333 млн теңге (3 млн теңгеден); қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған ҚР 18 азаматының (оның ішінде 2 баланың) отбасыларына - 126 млн теңге (7 млн теңгеден); қаңтар оқиғалары кезінде жарақат алған 6 баланың отбасыларына - 18 млн теңге (3 млн теңгеден); оқ жарақатын алған 2 ауыр жараланған кәмелетке толған азаматтарға - 6 млн теңге (3 млн.теңгеден). Қазіргі уақытта қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған тағы 79 азаматқа материалдық көмек төлеу мәселесі пысықталуда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын құзыретті органдардан қаңтардағы оқиға кезінде қаза тапқандар және кездейсоқ құрбан болғандары туралы ақпарат келіп түсуіне қарай Қор оларға қайырымдылық көмек көрсететін болады.

Қордан көмек алған кей азаматтар өздері туралы мәліметті жарияламауды сұраған. Дегенмен көмек алушылардың аттары атап көрсетілмесе де, кімдерге көмек берілгені жайлы Қор сайтындағы Есептілік айдарынан көруге болады. Ол жерде құқық қорғаушыларды, қарапайым азаматтарды, балаларды бөліп көрсеткен. 
Еске сала кетсек, «Қазақстан халқына» қоры Бас прокуратурадан қаңтар оқиғасынан зардап шеккендер мен қаза болғандар тізімі берілген соң тізімдегі азаматтарға қор тарапынан көмек береді.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың жақындары жайлы әртүрлі арналардан ақпарат келіп түсті. Адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Балалар құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Саин де мәлімет берді. Зардап шеккен отбасылардың өздері де портал арқылы өтінім жіберді. Қордың қамқоршылық кеңесі қабылдаған шешімге сәйкес әрекет етеміз. Оқиға орнында кездейсоқ тап болып, құрбан болған азаматтардың артында қалған жақындарына қол ұшын береміз. Ал олардың оқиға орнына кездейсоқ немесе әдейі барғанын біз анықтай алмаймыз. Оны әр оқиға бойынша қылмыстық істі тергеп жатқан тергеу органдары ғана анықтайды, - деген болатын Болат Жәмішев.

Тергеу органдары қаза тапқан азаматтарды қаралы Қаңтар оқиғасының жазатайым құрбанына айналғанын растаса, «Қазақстан халқына» қоры марқұмның туыстарына 7 миллион теңгеден ақшалай көмек береді. 

Рақымшылық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын мемлекет жеңілдеткенін мәлімдеген болатын. 

Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым, - деді Қазақстан Президенті.

Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайды.  Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.   

Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі. «Қазақстан халқына» қоры да осы игі іске лайықты үлес қоса береді деп ойлаймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Аманат» қоғамдық комиссиясы

Белгілі адвокат Абзал Құспанның бастамасымен 2022 жылы 24 қаңтарда «Аманат» қоғамдық комиссиясы құрылды. Ең бірінші Алматы қаласындағы Қаңтар оқиғасына қатысушылардың ісіне байланысты жұмыстарды қолға алған. Осы уақытқа дейін қоғамдық комиссия Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан 500 астам азаматтың бас шарасын өзгертуге мұрындық болған. Оның ішінде көп жағдайда үйден ешқайда кетпеу туралы қолхат не болмаса үй қамағына ауыстыру сияқты мәселелер бар. 

Азаматтардың тізімін жасауды доғардық, өйткені біздің мақсатымыз атқарған жұмыстар туралы елдің алдында, біреудің алдында есеп беру емес еді. Қазақстанның әр аймағында Қаңтар оқиғасына қатысушылардың ісіне қатысты заң тұрғысынан жұмыстар жүргіздік. Алматыда басталған бастама  Талдықорған, Тараз, Шымкент, Семей қалаларында жалғасын тапты. Кейіннен оны жүйелеп, барлық қылмыстық істерге ортақ белгілер болса, солардың барлығын саралай келе қамау түріндегі бас шарасын өзгерту керек деп орталық органдарға, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура сияқты органдарға жаздық. Азаматтардан түскен арыз-щағымдарға талдау жасап, бұған дейінгі жұмыс тәжірибемізді басшылыққа ала отырып, облыстық прокуратураға қызметтік хат жолдау арқылы көптеген азаматтың бас шарасын өзгерттік. Әлеуметтік желілерде тізім бойынша 350-дей адамның ісін шығарып отырдық. Бұл практикадан кейін бас тарттық, - деді «Аманат» комиссиясының төрағасы Абзал Құспан.

Ол жақында ғана Алматыда әкімдіктің қолдауымен ашылған комиссия кеңсесінде азаматтарды қабылдап жатқанын айтты. 

Қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан азаматтардың ішінде қайтыс болған азаматтар да бар. Олар эпицентрдің ортасында болып, мемлекет қорғауындағы ғимараттарға шабуыл жасау барысында қайтыс болды. Оларды да кінәлі деп тануы мүмкін. Қайтқан азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың сыртынан айып тағады. Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде 148 адам көз жұмса, соның 84 қаза тапқан адамға қатысты «әрекеттерінде қылмыстық құрам жоқ» деген қысқартуға қол жеткіздік. Яғни, прокуратураға оларға айып тағу дұрыс емес деген хат жазу арқылы айыбын алғыздық. Ал қалған азаматтар кінәлі деп есептеледі деген сөз емес. Олардың ісі бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің ұсынысымызбен қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан 80 азаматтың ісіне қатысты қылмыстық істі қысқарту шешім қабылданды. Бұл тірі адамдарға қатысты мәлімет, - деді адвокат. 

Абзал Құспан қазіргі таңда «Аманат» комиссиясы екі мәселемен айналысып жатқанын атап өтті. Біріншісі –рақымшылық заңы туралы бастама көтеріп, оны президент қолдаған. Заң жобасы Парламент қарауына түсті. 

Республикалық адвокаттар алқасының атынан Парламенттегі жұмыс тобына кірдім. Қаңтар оқиғасына қатысушыларға арнайы мәртебе беріліп, өтемақы төленуі керек деп есептейміз. Бұл бағытта да жұмысымызды әрі қарай жалғастырамыз. Азаматтардан арыз-шағымдар жинақталып, тізім бойынша құжаттар жиналып жатыр. Әр азамат комиссия атына арыз жазып, жақындарының қаза тапқанына байланысты мәліметтерді растайтын құжаттарды тіркей алады. Қаңтардан бері нақты қанша адамға көмектескенімізді дөп басып айта алмаймын. Біз ондай статистика жүргізбейміз. Қолымыздан келгенше Қаңтар оқиғасына қатысушыларға көмегімізді аямаймыз, - деді Абзал Құспан. 

«Аманат» қоғамдық комиссиясының өкілі, заңгер Абылай Өмешов Алматыда Бұқар жырау 33 мекенжайы бойынша адамдарды қабылдап жатқанын айтты. 

Жақында рақымшылық туралы заң жобасы әзірленді. Рақымшылыққа әкесін, күйеуін, баласын жоғалтқан азаматтар ілінсе екен дейміз. Екінші, өтемақы мәселесін көтеріп отырмыз. Адвокат Абзал Құспан бастап, мен заңгермін, шетелден келген заңгер көмекшілер бар, бәріміз азаматтарға заң тұрғысынан көмек береміз. Балаларға, Қаңтар оқиғасынан кейін мүгедек болып қалған азаматтарға көмектесуді қолға алып жатырмыз. Изоляторда отырып бостандыққа шыққан, ақталған, істері қысқартылған азаматтар өтемақы алуға құқылы. Сол жағынан заңгерлік өкмек көрсетіліп жатыр. Қаза тапқан, бірақ ісі қысқартылмай жатқан Шымкент қаласынан жиырма ата-ана бар. Олар да бізге  келіп өтініштерін қалдырамыз деген. Алматы, Тараз, Өскемен басқа да қалаларда баласын, күйеуін жоғалтқандар өтініш жіберіп жатыр. Кеңсе ашылғалы үш аптада 23 өтініш тіркелді, - деді Абылай Өмешов. 

Заңгер өтемақы сомасын бірізділендіру қажет екенін атап өтті. «Аманат» комиссиясы өтініштердің бәрін жинап, нақты бекітілген сома қоюды ұсынып отыр.

Өзгелердің жаңалығы