Қаңтар оқиғасы. Барлық кәсіпкер өтемақы алды ма?

14 Желтоқсан 2022, 18:00
1007
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы.  Барлық кәсіпкер өтемақы алды ма?

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов Қаңтар оқиғасы кезінде ол және оның командасы басынан өткерген қиындықтары мен қала игілігі үшін жасаған жедел әрекеттері жөнінде BAQ.KZ тілшісіне айтып берді. 

- Қаңтар оқиғаcы қалай басталғаны есіңізде ме?

- Дәл қазіргідей есімде. Жаңажылдық мерекелерден кейін жұмысқа шықтық, содан кейін тәртіпсіздіктер басталды. Біздің кеңсенің жанында да бүлікшілер жүрді. Сол кездегі қарапайым адамдар сияқты кәсіпкерлер де не істеу керегін білмеді. Мен полиция, прокуратура және қала әкімінің орынбасарымен байланыста болдым. Бірақ содан кейін байланыс, интернетпен проблемалар басталды.

- Сол кезде кәсіпкерлерге көмек көрсетуді қалай бастадыңыздар?

- Біз 10 адамнан тұратын жедел топ құрдық. Олар call-орталық қызметкерлері ретінде әрекет етіп, кәсіпкерлерге қалада бүлік болып жатқанын және тез арада жабылу керегін айтты. Телефонға бір минутқа да тыным болмады. 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні маған заң бұзушылардың шабуылына ұшыраған кәсіпкерлер дамылсыз қоңырау шалды. Олар өздерінің проблемаларын айтып, полиция олардың өтініштеріне жауап бермейді деп шағымданды. 6 қаңтарда біз полиция бөлімшелері мен қалалық ауруханаларды бүлікшілер қоршап алғанын білдік. Сосын тез арада полиция, медицина қызметкерлері мен ауруханада жатқан науқастарға тамақ апаруды ұйымдастыру мен қаражат жинау туралы шешім қабылдадық. Менің жеке жауапкершілігіммен жанармай құю бекеттерінің бір желісі ашылып, қалаға нан мен дәрі-дәрмек жеткізіле бастады. Сондай-ақ банкоматтарды қолма-қол ақшамен толықтыруды ұйымдастырдық, бизнес өкілдеріне мемлекеттен өтемақы алу үшін қалай әрекет ету керегін түсіндірдік.

- Қаңтар оқиғасы кезінде бизнесіне залал келтірілген барлық кәсіпкер өтемақы алды ма? 

- Кәсіпкерлердің барлығының дерлік шығыны өтелді, бар болғаны 10 кәсіпкерге қатысты сұрақтар туындады. Жағдай қалыпқа түскеннен кейін біз сенім телефонын ашып, бизнестің қалай және қаншалықты зардап шеккені туралы ақпарат жинауға кірістік. 2000-нан астам қоңырау қабылданды. Алғашында кәсіпкерлер 100 миллиард теңгеге жуық шығын туралы айтқан. Кейін бұл сома азайды, өйткені ірі бизнес мемлекеттің шығынды өтеуінен бас тартты. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес өкілдері ғана өтемақы алды. Кейіннен өзге елдердегі әріптестермен сөйлесіп, мемлекет оларға келтірілген шығынды ешбір жағдайда өтемейтінін білдік. Ал біздің билік қала тұрғындарының қамын ойлап, осындай шешім қабылдады.

- Шығынды өтеу жұмыстары қалай жүзеге асты?

- 15 қаңтарға дейін қолымызда құжат болды, соған сәйкес шығынды өтеу жұмыстарын бастап кеттік. Ең көп зардап шеккендер Алматыда болды. Оқиға орнынан фото, бейнематериалдарды зерттедік.

- Қаңтар оқиғасы кезінде ерекше есіңізде қалған оқиғалар бар ма?

- Бұзақылардың біздің кеңсенің жанындағы аңшылық дүкенді қиратқаны, қала тұрғындарының өрттің тұрғын үйлерге тарамауы үшін жақын маңда жанып жатқан дүкендер мен мейрамханалардағы өртті қалай сөндіргені, 6 қаңтарда әріптесім екеуміз Жаңа алаңға келтірілген шығынды бағалауға барғанымызда, оқ жауып, әрең қашып құтылғанымызды ешқашан ұмытпаймын.

Әрине, сол қарбалас күндерде біз үйде отырсақ, жақын адамдарымызға жеңілірек болар еді. Бірақ қарапайым азаматтардың тағдыры біздің іс-әрекетімізге байланысты екенін түсіндік. Қаңтар кезінде қаладағы ең сұранысқа ие команда болдық. Қарапайым алматылықтардың игілігі үшін азаматтық борышымызды өтедік. Айтқым келетіні, қала тұрғындары зардап шеккен жан түршігерлік,  қасіретті қаңтар оқиғасы елімізде енді қайталанбауы керек. 

Өзгелердің жаңалығы