Қаңтар оқиғасы: Алматыда 587 бейнекамера жойылған

1 Маусым 2022, 17:49
2158
Бөлісу:
Қаңтар оқиғасы: Алматыда 587 бейнекамера жойылған
Фото: Егемен Қазақстан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Қаңтар оқиғасын тергеу барысы туралы баспасөз брифингінде Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қылымжанов мәлімдеді.    

Қылмыскерлер мақсатты түрде қару дүкендерін тонап, ұрланған қарулармен бейнекамераларды жойған. Алматы қаласы бойынша барлығы 587 бейнекамера жойылған. Оның 283 орталық жедел басқармасына тиесілі, 304-і «Сергек» кешенінің камералары. Мұнымен қоса оптикалық байланыс желілері бар коммутациялық шкафтар істен шығарылды, – деді ол.  

Сонымен қатар, Елдос Қылымжанов саны 1000 адамға дейінгі жекелеген топтар халық арасында қорқыныш туғызу үшін әкімдік пен президент резеденциясын басып алғанын және полиция органдарының ғимараттарына шабуылдар жасалғанын айтты.

5 қаңтарда күндіз Алматы қаласында қылмыскерлер Әуезов ауданының полиция басқармасы және Алмалы ауданының полиция басқармасы мен бөлімшесінің әкімшілік ғимараттарын басып алуға тырысты. Сол күні кешке қарулы топ қалалық полиция департаментінің ғимаратына әртүрлі бағыттардан жүйелі түрде шабуыл жасады. Атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолданды. Полиция ғимаратын қоршау бір тәуліктен астам уақытқа созылды, – деп баяндады Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары. 

Брифингте әкімдікке шабуыл кезінде тұтқынға алынған әскери қызметкерлер тірі қалқан ретінде пайдаланылғаны да айтылды.  

Өзгелердің жаңалығы