Қаңтар кезінде ұрланған қару Тараздағы қабірлердің жанынан табылды

29 Маусым 2023, 17:06
915
Бөлісу:
Қаңтар кезінде ұрланған қару Тараздағы қабірлердің жанынан табылды
Фото: Жамбыл облысы ПД

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару Тараздағы қабірлердің жанынан табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ағымдағы жылдың 27 маусымында Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ қызметкерлері "Қарасора-2023" ЖПІШ шеңберінде жедел ақпаратты іске асыру кезінде Тараз қаласының Махамбет батыр көшесіндегі зират маңынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған 3 полиэтилен қапшығын тапты.

Қаптардан 10,25 мм калибрлі 3 оқ-дәрісі бар "Сайга 410" маркалы өздігінен оқталатын тегіс ұңғылы карабин, 16 мм калибрлі "ИЖ КА" маркалы бір ұңғылы аңшы мылтық, Жамбыл облысы ПД қоймасынан ұрланған 12 мм калибрлі "Hatsan" маркалы бір ұңғылы тегіс ұңғылы винчестер, сондай-ақ зауыт нөмірі жойылған 16 мм калибрлі "ИЖ 17" маркалы бір ұңғылы тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылды.

Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлімі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды, - деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.

Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.

Өзгелердің жаңалығы