Қандай жағдай болмасын, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіруге болмайды – Бақытжан Позилов

9 Қаңтар 2022, 11:25
1243
Бөлісу:
Қандай жағдай болмасын, дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіруге болмайды – Бақытжан   Позилов

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласында лаңкестердің тәртіпсіздіктері мен бүліктері  кезінде 7 жедел жәрдем көлігіне шабуыл жасалып, 2 жедел жәрдем қызметкерін ұрып-соққан.

Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов  хабарлады.

Бүлік, тәртіпсіздіктер кезінде қаламыздың медициналық қызметкерлері өте қауырт жұмыс  істеп, науқастарды, жараланғандарды қабылдады. Медициналық мекемелер, стационарлар  тынбай науқастарды емдеді. Дәрігерлер халыққа тынбай-талмай қызмет етті. Жедел  жәрдем қызметі күнделікті шақыртулардан бөлек, тәртіпсіздіктер кезінде жараланғандардың  шақыртуларына барды. Алайда сөйте тұра 7 жедел жәрдем көлігіне шабуыл жасап, екі  қызметкерді ұрып соққан. Ең сорақысы – жүкті әйелді босандыруға алып келе жатқан жедел  жәрдем көлігін жібермей, ішіндегі медицина қызметкерлеріне қоқан-лоққы жасаған. Оларды бейбіт 
қала тұрғындарының көмегімен алып шықты. Айтарым – қандай жағдай болмасын медицина  қызметкерлеріне тиісуге, жұмысына кедергі келтіруге болмайды,- дейді Бақытжан Позилов.

Қаладағы тәртіпсіздіктер кезінде ауруханаларға түрлі жарақат алған науқастар түсті. 

Медицина нысандарының есіктерін жұлқылау, терезесін сындыру, дәрігерлерге дөрекі  сөйлеген жағдайлар кездесті. Жарақат алғандарды перинаталды ауруханаға жеткізіп, сондағы  дәрігерлер келіп түскендер жүкті адам болмаса да оларға алғашқы медициналық көмек те  көрсетті. Қазір коронавирус жағдайы тұрақсыздана бастағанда бұл тәртіпсіздіктер жығылғанға  жұдырық болды. Медициналық қызметкерлер төтенше жағдай кезінде жұмысын екі есе  күшейтті. Қабылдау бөлімінің жұмысы қауырт болды. Көп қан керек болды. Дәрігерлеріміз  барлық келіп түскен науқастарды қарап, ем жасап, ерен ерлік көрсетті. Айтарым: біздер, яғни  ақ халатты абзал жандар, медицина қызметкерлері елімізде тыныштық болуын қалаймыз.  Еліміз тыныш болсын,-деді Бақытжан Позилов.

Өзгелердің жаңалығы