Қандай әрекет жасады? - Зайытов Аружан Саинның жұмысын сынға алды

21 Сәуір 2023, 15:38
1015
Бөлісу:
Қандай әрекет жасады? - Зайытов Аружан Саинның жұмысын сынға алды
Фото: gov.kz

Мәжілісте өтіп жатқан комитеттің отырысында депутат Ринат Зайытов Аружан Саин басқарып отырған ұйымның жұмысын сынға алып, балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін өз ұсынысын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар» тақырыбында отырыс өтіп жатыр.

Аружан Саин ханым арт-спорт жобасымен барлық мәселені шеше саламыз деп, тағы ақша сұрап отыр. Алдымен арт-спорт жобасына бөлінген миллиардтаған қаржының қайда кеткеніне жоба жетекшілері жауап беруі керек. Алматының өзінде 2 млрд теңгеге жуық қаржының қалай ұрланғанын біліп отырмыз, - деді Зайытов.

Депутат осы жоба аясында ауыл жастары немен қамтылғанын сұрады. Бұл қаланың ғана проблемасы емес екенін сөз етті.

Мұндай жобалар ауылда мүлдем іске асып жатқан жоқ. Оны бәріңіз жақсы білесіздер. Ауылда балалардың күреске қатысатын кілемі де жоқ, өз матрастарын алып барып жүр. Сөйтіп бала тәрбиесі туралы айтасыздар... Ал зорлық-зомбылықтың көбі қаладан ғана емес, ауылдан да шығып жатыр. Өйткені қазір әлеуметтік желі ауыл мен қала арасындағышекараны алып тастады, - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Зайытов ауыл жастарын қамтуды, оларды тәрбиелеуді ешкім ойламайтынына шағымданды. Депутат Аружан Саинға Балалар құқығын қорғаумен айналысатын ұйым соңғы болған оқиғаларға қандай әрекет жасағанын сұрады.

Ұйым Өскеменде, Сатыда болған жағдайларға қандай әрекеттер жасады? Түркістанда да болды. Қандай әрекет жасады? Ешқандай әрекетін көргеніміз жоқ. Ең болмаса қоғамдық резонанс тудыра алған жоқ. Қазір құқық бұзған балалардың ата-анасының көбі жауапкершіліктен қашып жатыр. Қоғамға, мектепке қауіпті балаларды оқушаулауды, яғни олардың басқа мектепке ауыстырылуын қамтамасыз етуді қолға алу керек. Өйткені «бір қарын майды, бір құмалақ шірітетін» болса, ол құмалақты қарын майдың ішінен алып тастамау ақымақтың ісі болады, - деді ол Мәжілісте.

Сонымен қатар Зайытов атап өткендей, мектептің бұрышында «кезекші учаскелік полиция» болатын.

Өзгелердің жаңалығы