Қандас мәртебесін алуды немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеуді жоспарлаған азаматтар ҚАЗТЕСТ тапсырады. Тест мемлекеттік тілді күнделікті өмірде түсіну және қолдану деңгейін бағалауға арналған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тестілеу қалай өтетінін, оған қанша уақыт берілетінін және нәтижесі көңілден шықпаған жағдайда не істеуге болатынын түсіндіреді.
ҚАЗТЕСТ қазақ тілін терең меңгеруді талап ететін күрделі емтихан емес. Тапсырмалар адамның күнделікті тұрмыста қазақ тіліндегі ақпаратты қаншалықты түсінетінін және қарапайым қарым-қатынасқа қаншалықты дайын екенін анықтауға бағытталған.
Тест екі бөлімнен – тыңдалым және оқылымнан тұрады. Қатысушы барлығы 60 тапсырма орындайды. Оған 1 сағат 10 минут уақыт беріледі. Тестілеу онлайн форматта өтеді.
Тыңдалым кезінде қазақ тіліндегі ақпаратты естіп түсіну қабілеті тексерілсе, оқылым бөлімі мәтіндегі негізгі ойды және қажетті ақпаратты қабылдау дағдысын бағалайды.
ҚАЗТЕСТ-ке алдын ала дайындалуға мүмкіндік бар. Бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындық жүргізіледі. Онда азаматтар тест құрылымымен танысып, кеңес алып, жаттығу тапсырмаларын орындай алады.
Егер қатысушы қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаса, тесті қайта тапсыруға болады. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде екі ретке дейін қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
Тестілеу прокторинг жүйесі арқылы өтеді. Сондықтан тест басталар алдында интернет байланысының тұрақтылығын, камера мен микрофонның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын тексеріп алған жөн.
Нәтиже үш жұмыс күні ішінде беріледі.
ҚАЗТЕСТ – көші-қон әлеуетін бағалау рәсімінің бір бөлігі. Оның негізгі мақсаты – адамның мемлекеттік тілді күнделікті жағдайда қолдануға және қазақ тілінде қарапайым ақпарат алмасуға дайындығын анықтау.