Жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықты кәдеге жарата аламыз – министр

29 Қазан 2019, 17:05
2224
Бөлісу:
Жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықты кәдеге жарата аламыз – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша атқарылып жатқан шараларды атады.

"Біріншіден, Энергетика министрлігі әзірлеген шағын генерацияны орналастыру, атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздерін тұрмыста пайдалану бөлігінде заңнамаға толықтыру енгізуді қолдау, еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының энергия сыйымдылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Үкімет жанынан құрылған жобалық офис шеңберінде, министрлік қоқыстарды кәдеге жарату арқылы электр қуатын өндіріп шығару үшін инвестиция тарту мәселесін қарастып жатыр. Негізгі кедергі төмен инвестициялық тартымдылық болып отыр. Осы мәселені шешу үшін қоқыс өңдейтін зауыттардан өндірілетін электр энергиясына жаңартылатын энергия көздерінің жасыл тарифін қолдануды ұсынамыз. Бұл шара полигондарда қоқыстарды көму көлемін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жасыл тарифті енгізу кезінде біз жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықтарды кәдеге жарата аламыз", - деді министр.

Энергетика министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Қазақстандағы геотермалды көздердің әлеуетін бағалау бойынша жұмыс жүргізіп, геотермалды көздердің негізінде жылу энергетикасын Алматы және Түркістан облыстарында дамытуға болатынын анықтаған. Жалпы жел және күн энергиясы жобаларына әлеуетті инвесторларды тартуға көмектесетін инвестициялық зерттеулер жүргізу қажет. Осы жұмыстар бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қажетті қолдау көрсетуге дайын.

Айта кетейік, министр Қазақстанда 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясы әзірленетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы