Қазақстанда 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясы әзірленеді

29 Қазан 2019, 16:49
2891
Бөлісу:
Қазақстанда 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясы әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында Қазақстанның Париж келісімінің міндеттемелерін орындау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

"Қазақстан Париж келісімін ратификациялай отырып, 1990 жылға қарағанда 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуды көздейді. 2014 жылдан бастап Келісімнің міндеттемелері бойынша еліміздегі шығарындыларының көлемі өсуде. Көмірді пайдаланудан бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне көшіп, ластаушы заттардың шығарылуын және өндіріс қалдықтарының пайда болуын төмендету міндеттемелердің бірі болып отыр. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту жоспарларын, сондай-ақ жасыл экономиканы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да шараларды іске асыру және Париж келісімінің міндеттемелерін орындау үшін елдің төмен көміртектендіруі бойынша ұзақ мерзімді көрсеткішін анықтау қажет. Бұл үшін біз Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуді бастаймыз", - деді министр.

Ол стратегияда экономика мен энергетиканың әртүрлі даму сценарийлері кезінде көмір мен газды пайдалануды қысқарту немесе алмастыру сияқты мүмкіндіктері көзделетінін айтты. 

"Осы жұмыс үшін Германия үкіметінен 4,5 млн еуро гранттық жоба шеңберінде халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының сарапшылары тартылды. Экономиканың барлық салалары бойынша талдау жүргізілетін болады. Бұл жұмысты 2020 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Қазақстанның төмен көміртекті дамуына көшудің негізгі аспектісі жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамыту. Стратегияны іске асыру парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал етіп, Париж келісімінің шарттарын 2030 жылға дейін орындауға мүмкіндік береді", - дейді Мырзағалиев.

Өзгелердің жаңалығы